Аймақтық «Жүрсін ақын оқулары» байқауы

Күні кеше Ұлытау ауданының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ғимаратында қазақ руханиятының абызы, айтыс өнерінің реформаторы, ақын, журналист Жүрсін Ерманның 75 жас мерейтойына орай, жырға құмар жастар арасында «Қара өлеңнің қазығы, Ұлытаудың абызы» атты аймақтық Жүрсін Ерман оқулары өтті.

Әдеби кештің ашылу салтанатына Ұлытау ауданының әкімі Аманжол Мырзабеков қатысты. Әкім жас буынның әдебиетке деген қызығушылығын жоғары бағалап, жастарға сәттілік тіледі. Бәсекелі сында аймақтың 14-29 жас аралығындағы 19 үміткері бақ таластырды. Олар байқау талабы бойынша екі кезеңде сынға түсті. Алғашқы кезеңде ақынның екі өлеңін мәнерлеп оқыды. Осы кезеңде сайыскерлер Жүрсін өлеңдерін нақышына келтіре оқып, бірінен – бірі асып-түсіп жатты. Қазылар да байқау шартын бұлжытпай орындауға тырысты. Әр қатысушының оқу мәнеріне, әртістік шеберлігіне, сахна мәдениетіне байыппен қарап, сын сарабынан өткізді.
Бұдан кейін аймақтың үкілі үміттері екінші кезеңге ойысып, ақын өлеңдерін жатқа оқудан бақ сынасты. Бұл жолғы кезеңнің жүгі алдыңғы сайысқа қарағанда, анағұрлым салмақтылау болды. Оны қатысушы тарап та жүрекпен сезінген сыңайлы. Бар өнерлерін ортаға салып, өлеңді жатқа, мүдірмей айтуға тырысты. Мейлінше, Жүрсін өлеңдерін әсерлі етіп жеткізуге ұмтылып-ақ бақты. Десек те, байқаудың аты – байқау. Біреуі – жеңіске жетіп, бағы жанып жатса, екіншісі жеңіліп, көңілі қабаржу тартатыны – табиғи заңдылық. Өйткені, байқау жүзден жүйрік шығаратын дүбірлі дода. Шын талант осындайда танылады. Бойындағы өнері шыңдалады. Осы сияқты байқаулар жастардың қарым-қабілетінің өсіп-жетілуіне оң әсер етеді.
Байқауға облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы Данагүл Алшынбаева, ақын, жазушы, Қазақстанның Құрметті журналисі Батырбек Мырзабеков, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, айтыстың ақтаңгері, ақын Мұқаш Сейтқазинов, Ұлытау аудандық мәслихатының төрағасы, ақын Ахат Құрмансейітов, өнер жанашыры Жарқынбек Бөлендин төрелік етті.
Сонымен, байқаудың үшінші орны жезқазғандық Гауһар Ғабдулмәлік пен Жүрсіннің туған ауылынан келген Құрал Ерасылға бұйырды. Екеуіне де 100 мың теңгенің сертификаты берілді. Екінші орынның 150 мың теңгелік сертификатын жезділік Сара Ерлан еншіледі. Бірінші орынға тігілген 180 мың теңгенің сертификатын қарсақбайлық Дархан Есенбаев жеңіп алды. Бас жүлденің 200 мың теңгелік сертификаты қарсыластарынан оқ бойы озық келген ұлытаулық Айжан Бимағанбетоваға табысталды.
Байқау соңында басқа да қатысушыларға Алғыс хаттармен бірге, 50 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақылар берілді.
Жалпы, Жүрсін оқулары жақсы өтті.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.