Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының шамшырағы
Еліміздің тарихында артына өшпес із қалдырған дара тұлғалар аз емес. Олар – ұлттың мақтанышы ғана емес, тағдыры мен тағылымы үздіксіз зерттеуді қажет ететін, өткен мен бүгінді, болашақты бір арнаға тоғыстырып тұрған алып қайраткерлер. Осындай ұлы тұлғалардың алдыңғы легінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың есімі айрықша аталады.

Ұлы ғалым, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Қаныш Сәтбаев – қазақ ғылымының негізін қалаған, туған өлкесінің ғана емес, Жезқазғанның, тіпті күллі елдің дамуына өлшеусіз үлес қосқан кемеңгер тұлға. Қазақ ғылымы десе көз алдымызға Қаныштың асқақ бейнесі елестейді, ал Қаныш десе ұлттық ғылымымыздың тағдыры ойға оралады. Мұның өзі оның ел тарихындағы орнын айқын көрсетеді.
Қадыр Мырза Әлінің: «Адамның шашқаны емес – тергені, алғаны емес – бергені қалады» деген терең мағыналы нақыл сөзі әр адамды үлкен ойға жетелейді. Бұл – өз басының ғана қамын күйттеу емес, қолыңнан келетін істі ақыл-таразысынан өткізіп, болашаққа өшпес із қалдырар пайдалы іс атқару деген ұғым. Адам ғұмырының шынайы құндылығы да оның қоғамға сіңірген еңбегімен, елге қалдырған өнегелі жолымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алған-да, Қаныш Сәтбаевтың ғұмыр жолы – тұтас бір ұлтқа үлгі.
Мен туған ауылымның тарихын зерттеу барысында Қаныш Сәтбаев жайлы алғашқы мағлұматты мектепішілік өлкетану бағытындағы «Мұрагер» музейі мен Жездідегі Мәкен Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінен алдым. Деректер жинақтай келе, ұлы тұлғаның халқы үшін, елі мен жері үшін атқарған ұшан-теңіз еңбегіне тереңірек қанықтым. Бұл мәліметтер арқылы Қаныш Сәтбаевтың Жезқазған, Ұлытау, Жезді өңірлерінің іргетасын қалауға зор үлес қосқанын, қоғамға орасан пайда әкелгенін анық аңғардым.
Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен Үлкен Жезқазған бой көтерді. Ертіс–Қарағанды каналының қазылуына, Маңғыстау газ кен орнының ашылуына, тіпті сол өңірдің Түркіменстанға өтіп кетпеуіне де оның тікелей ықпалы болғаны тарихи деректерде айтылады. Ұлы тұлғаның басшылығымен 1946 жылы Қазақстан Ғылым академиясының шаңырағы көтеріліп, ұлттық ғылымның жаңа дәуірі басталды.
Бүгінгі ұрпақ үшін тағылымы мол тағы бір дерек – қазіргі заман ағартушысы, ұлт жанашыры Санжар Керімбайдың бастамасымен жарық көрген «Қаныш және ғылыми майдан» кітабының тұсаукесері Қаныш атамыздың есімімен аталатын Сәтбаев қаласында өтті. Мен сол тұсаукесер рәсіміне қатысып, Қаныш атаның болмысымен, ғылыми жолымен, еңбегімен, адами келбетімен тереңірек таныстым. Аталған еңбекті қолыма алып оқи отырып, Қаныштанушылар ұйымының мүшесі атанып, ұлы ғалымның ғылым жолын зерттеуді басты тақырыптарымның біріне айналдырдым.
«Қаныш және ғылыми майдан» кітабын оқи отырып, оның ғылым жолында кездескен сан алуан қиындықтарға мойымай, ел үшін атқарған ерен еңбегін, биік мақсатқа деген табандылығын айқын көруге болады. Қаныш Сәтбаев үшін ғылым – құрғақ мақсат емес еді. Ғылымның негізгі міндеті – өндіріспен тығыз байланыс орнатып, елдің өндіргіш күшіне айналдыру болды. Әсіресе, ғылым – шындығымен, халыққа тигізер нақты пайдасымен құнды екені аңғарылады. Ол он бес жыл бойы бір ғана мұратқа адал болды: бар күш-қайратын, бар білімін, бар өмірін осы жолға арнады. Нақты істе де, ғылымда да, қоғамдық қызметте де алға шығып, қарсы келген кедергілерге қаймықпады. Ғылымға осындай сеніммен қараған ғалымның еңбегі болашаққа бастар кең даңғыл іспетті.
Қаныш Сәтбаевтың осындай кемел тұлға болып қалыптасуына әке тәрбиесінің әсері зор болды деп ойлаймын. Имантай бидің бала тәрбиесіне қойған талабы қатаң еді. Бала Қаныш мұсылманша хат танып, үйде оқыған жыр-аңыздарын әке алдында айтып, сыннан өтетін. Ұлттық құндылықтарды бала бойына сіңірген әкенің тәрбиесі оның өмірлік ұстанымына берік негіз қалады.
Қаныштай асыл тұлғаның өмір жолын зерттей отырып, мен елге адал қызмет етудің, қарапайымдылық пен табандылықты серік етудің маңызын терең ұқтым. Өмір жолындағы қиындықтар адамды шыңдайтынын, биік мақсатқа жету үшін қажыр мен қайрат қажет екенін түсіндім.
Жезқазған, Ұлытау өңірі үшін Қаныш Сәтбаев – ең ардақты ұлы тұлға. Оның адамгершілік болмысын Сәтбаев қорының президенті, ақын Кәкімбек Салықов бір ауыз өлеңімен айшықтай түскен:
«Ақыл-ойдан жүк тиеп, теңіздейін телегей,
Желді күні желкенсіз жеке жүзген кемедей.
Менменсіген Мәскеу мен Лондонды да тоқтатар,
Қаныш аға, сен емес пе ең, алып ойлы кемегей!»
Қорыта айтқанда, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың ғибратты ғұмырын насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Артына өшпес із, асыл мұра қалдырған ұлы тұлғаны еліміздің әрбір азаматы танып, білуі тиіс. Оның сара жолын жалғастыру – бүгінгі ұрпақтың қасиетті борышы. Елінің қамын жеген, нар тұлғалы азамат болып қалыптасу – Қаныштай алыптардың бізге қалдырған аманаты деп білемін.
Ақниет ЖҰМАБЕК,
№6 тірек мектебінің 11-сынып оқушысы.
Жезді кенті.
