Ұлытау облысында үлгілі жүргізушілер марапатталды
Ұлытау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол қозғалысына қатысушылардың құқықтық мәдениетін арттыру мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері үлгілі жүргізушілерді марапаттады.

Іс-шара барысында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, тәртіптілік танытып, соңғы жылдары бірде-бір әкімшілік құқықбұзушылыққа жол бермеген жүргізушілерге алғыс хаттар табысталды.
Патрульдік полиция ротасының инспекторларының айтуынша, мұндай акциялар жүргізушілерді тәртіпке шақырып қана қоймай, жол мәдениетінің қалыптасуына оң ықпал етеді.
«Жолдағы қауіпсіздік – бәрімізге ортақ міндет. Біз ережені бұзбай, өзгелерге үлгі болып жүрген азаматтарды насихаттауды мақсат етеміз», – деді патрульдік полиция инспекторы.
Іс-шара аясында ережебұзушылыққа жол бермеген бірнеше жүргізуші тоқтатылып, инспекторлар оларға алғыстарын білдіріп, жолда абай болуды және үлгілі мінез-құлықты сақтауды тілектесті.
Полиция өкілдері осындай профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Облыстық полиция департаменті барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін сақтауға, өз қауіпсіздігіне және айналадағы азаматтардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.
