«Таза көмір» және эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі: Олжас Бектенов «Жасыл экономика» жөніндегі кеңестің отырысын өткізді

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «Жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған Экология және табиғи ресурстар, Энергетика министрліктерінің, ірі энергетикалық кәсіпорындардың  басшылары мен қоғам қайраткерлері қатысты.

Мемлекет басшысының энергетика саласын жаңғырту бойынша «ең үздік қолжетімді техникаларға» көшу және орнықты даму есептілігін (ESG) кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға назар аударылды.

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанның энергетика саласына ластаушы заттардың жалпы көлемінің жыл сайынғы шамамен 39%-ы тиесілі екенін баяндады. Өңірлер арасында ластаушы заттар көлемінің басым бөлігі Павлодар облысына тиесілі, ондағы негізгі ластаушылар – Екібастұз ГРЭС-1 және ГРЭС-2. Сонымен қатар, Алматы қаласында да ауаның ластануының жоғары деңгейі сақталып отыр.

Эмиссияларды қысқарту мәселелері бойынша «Болат Нұржанов атындағы Екібастұз ГРЭС-1» АҚ, «Екібастұз ГРЭС-2 стансасы» АҚ және «Алматы электр стансалары» АҚ басшылары тыңдалды. Орнықты даму қағидаттарын сақтау мақсатында үш нысанда эмиссияларға мониторинг жүргізудің автоматтандырылған жүйесі (МЖАЖ) енгізіледі. Деректер Экология министрлігіне нақты уақыт режимінде беріледі. Толық қосылу 2026 жылға жоспарланған.

Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов Президенттің «таза көмір» технологияларын пайдалану жөніндегі тапсырмаларының орындалуы туралы хабардар етті. Мәселен, жүргізіліп жатқан жаңғырту шеңберінде жаңа кәсіпорындар неғұрлым қатаң экологиялық стандарттар мен талаптар негізінде жұмыс істеуде.

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша міндеттер қойды. Біз «Жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасын дәйекті түрде жүзеге асырып келеміз, онда ауаның ластануын азайту және өнеркәсіптік қалдықтарды қайта өңдеу бойынша негізгі индикаторлар айқындалған. Оларға қол жеткізу – барлық жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдардың тікелей міндеті. Өз кезегінде кәсіпорындар қоршаған ортаға эмиссияларды қысқартуды және күл-қоқыс қалдықтарын қайта өңдеуді қамтамасыз етуі қажет»,

— деп атап өтті Олжас Бектенов.

Одан бөлек Мемлекет басшысы Үкіметтің алдына энергетика саласын түпкілікті жаңғырту міндетін қойды.

«Таза көмірдің» заманауи технологияларына тез көшу керек. Бұл көмір электр стансаларының тиімділігін арттырады және қоршаған ортаға зиянды заттар бөлуді азайтады. Әсіресе біз осындай қорға ие бола тұра, көмір генерациясынан бас тарта алмаймыз, бұл – объективті шындық. Сондықтан оны қолдана беретініміз анық. Бұл ретте көмірден энергия өндіретін барлық қуат көздері заманауи талаптарға сай болуы тиіс. Жаңа технологиялар көмірді жағу кезінде зиянды қалдықтар көлемін барынша азайтуға мүмкіндік береді.

Энергия көздерін жаңғыртудағы әрбір жұмыстың нәтижесі ластаушы заттарды ең аз бөлу талаптарына сәйкес болуға тиіс. Бұған ұмтылу керек және осы басты межеден ауытқымау қажет. Біздің алдымызда үш ЖЭО салу бойынша және Екібастұздағы жаңа энергоблоктар бойынша үлкен жобалар тұр. Бұл жаңа жобалардың барлығы зиянды қалдықтарды мүлдем шығармайтындай жаңа талаптар бойынша жүзеге асырылады»,

— деп атап өтті Премьер-Министр.

Жиында Қазақстанның «KazWaste» қалдықтарды басқару қауымдастығының атқарушы директоры Вера Мұстафина, «Жасыл Академия» ғылыми білім беру орталығының директоры Бақыт Есекина, «Қазақстанның экологиялық ұйымдары қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева сынды қоғамдық ұйым өкілдері сұрақтар қойып, ұсыныстарын айтты.