Жеңіс Қасымбек қарағандылық боксшы-жастар арасындағы әлем чемпионатының жүлдегерлерін құттықтады

Қарағандылық спортшылар Сабыржан Аққалықов пен Жасмин Кизатова Польшаның Келце қаласында өткен бокстан жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын және қола медаль жеңіп алды. Жарысқа 66 елден 500-ге жуық мықты жас боксшылар қатысты.

Қарағанды облысының басшысы Жеңіс Қасымбек спортшыларды лайықты марапаттарымен құттықтап, тәлімгерлерінің үздік жұмысы үшін алғыс айтты.

– Жастардың өңірімізді осындай жоғары деңгейде танытып отырғаны бізді қуантады. Қарағанды әсіресе боксты жақсы көреді. Біз сіздердің жеңістеріңізді мақтан тұтамыз. Сіздерге және сіздердің жаттықтырушыларыңызға үлкен рахмет: олар сіздерге көп еңбек сіңірді, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сабыржан Аққалықов пен Жасмин Қизатова 8 жылдан бері бокспен айналысып келеді.

– Мен алғаш рет әлем чемпионатына қатыстым. Онда бес жекпе-жек өткіздім. Ең қиыны – жекпе-жекке психологиялық тұрғыдан бейімделу және оны күту болды. Бірақ жаттықтырушының кеңестері мен жақындарымның қолдауының арқасында мен осының бәрін жеңіп, жақсы нәтижеге қол жеткізе алдым. Болашақта Олимпиада ойындарына қатысқым келеді, – дейді Сабыржан Аққалықов.

– Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Мен үшін бұл әлемдік деңгейдегі алғашқы жарыс. Осындай чемпионаттарға әр ел үздік спортшыларды жібергендіктен, қиындықтар да болды. Қазақстанның әйелдер құрамасына кіру үшін көп жаттығып, жұмыс істейтін боламын. Әрине, Олимпиада ойындарында өнер көрсеткім келеді, – деп бөлісті Жасмин Қизатова.

Қарағанды облысында спортты дамыту үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Сабыржан тұратын Шахтинск қаласында осы жылы заманауи ДСК құрылысы аяқталады. Бокс, күрес және басқа да спорт түрлеріне арналған бөлек залдар болады.

– Біз спортшыларымызды қолдауға дайынбыз, – деп атап өтті аймақ басшысы.