Әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамы мүддесінің арқауы

Мемлекетіміздің ең басты құндылығы – адам, оның құқықтары мен бостандығы екені Ата Заңымызда айқын жазылған. Ал осы құндылықтардың толыққанды қорғалуы жолында ел игілігі үшін үнсіз, бірақ табанды еңбек етіп келе жатқан ұйымдардың бірі – кәсіптік одақтар. Олар қоғамдағы әлеуметтік тепе-теңдіктің, еңбек адамының қорғаны мен сенімді тірегінің міндетін атқарып келеді.

Кәсіподақтар идеясы дүниеге кеше ғана келген жоқ. Оның тарихи тамыры Батыс Еуропаның индустриялық дәуірімен тұспа-тұс келеді. Германия мен Еуропаның өзге елдеріндегі XIX ғасырдың 30–40 жылдарында құрылған алғашқы жұмысшы қауымдастықтары еңбек жағдайын жақсарту, әділ жалақы талап ету, жұмыс уақытын реттеу, тұрмыс пен мәдени мұқтаждарды өтеу мақсатында ұйымдасты.
Бұл ұйымдар тек экономикалық емес, саяси күшке айналып, дамыған елдерде XIX ғасырдың аяғында заңдастырылды. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, кәсіподақ – қоғам дамуының өлшеусіз маңызды тетігі. Қазақстандағы кәсіподақ тарихының бастауы туралы айтқанда, көпшілік оны кеңес дәуірінің «өнімі» деп қабылдайды. Алайда тарихи деректер олай емес екенін көрсетеді. XX ғасырдың басы – қазақ жерінде өндірістік қатынастар нығая бастаған кезең. Жұмысшылардың өз құқықтарын қорғауға деген талпынысы да сол уақытта күрт күшейді. 1905 жылдың 6 желтоқсанында қазіргі Қарағанды облысы аумағында орналасқан Өспен мыс кеніші жұмысшылары алғашқы ресми кәсіподақ ұйымын құрды. Бұл – Қазақстан кәсіподақ қозғалысының да бастау алған тарихи күні.
Өспен кенішіндегі жұмысшылардың одағы – отарлық биліктің қысымына қарамастан, әділдік жолында біріккен еңбек адамдарының тарихи ерлігі еді.
Бұл оқиға жұмысшылардың са-
налы түрде қоғамдағы өз орнын
сезініп, құқықтық күреске шығуы-
ның алғашқы белгісі болатын. Кәсіподақ саласында жиырма жылдай қызмет етіп келе жатқандықтан, ұйым жұмысын бұрынғы және қазіргі кезең тұрғысынан салыстыра қарауға толық негіз бар. Кеңес заманындағы
жағдайды еске түсірсек меншік
– мемлекетке тиесілі; жұмыс беруші – бір ғана құрылым; барлық ауыл шаруашылығы саласында совхоз бен колхоз жетекшісінің сөзі үстем болды; кәсіподақ көбіне әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешумен айналысты.
Ал қазіргі ахуал мүлде басқа. Нарықтық экономика қалыптасты, меншік формалары өзгерді, жұмыс берушілер саны артты. Осындай жағдайда жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы қатынас күрделене түсті. Сол себепті: еңбек келісімшарттарының дұрыс жасалуы, ұжымдық шарттардың толыққанды орындалуы, әлеуметтік әріптестіктің заңды тетіктері бұрынғыдан да өзекті.
Еңбек нарығында сауатты жұмыс беруші де, өз құқығын білетін жұмыскер де қалыптасып келеді. Бұл — ел дамуымен бірге кәсіподақ мәдениетінің де жетіліп жатқанын көрсетеді. Кәсіподақ ұйымдарының басты мақсаты – еңбек адамының әлеуметтік-экономикалық мүддесін заң аясында қорғау. Олар: жұмыс берушілермен, аймақтық әкімдікпен, еңбек инспекциясымен бірлесе отырып үшжақты келісім жасайды. Бұл келісімдер еңбек қатынастарындағы тұрақтылықты, әлеуметтік әділеттілікті және еңбек дауларының бейбіт шешілуін қамтамасыз етеді. Кәсіподақтың қағидаты – қақтығыссыз диалог, дау-дамайсыз келісім. Бұл – тоқсан жылдық тарихтан бері сақталып келе жатқан құндылық.
Бүгінде мемлекет ауыл шаруашылығындағы еңбеккерлердің, әсіресе малшылардың зейнеткерлік жасын төмендету мәселесін көтеріп отыр. Бұл — еңбек ерекшелігі мен ауырлығын ескерген жағдайда аса маңызды қадам. Сала ұйымдары тарапынан нақты ұсыныстар беріліп,.Үкімет пен Парламент деңгейінде талқылаулар жүргізілуде. Сонымен қатар, «Кәсіптік одақтар туралы» заңға өзгерістер енгізу де өзекті болып тұр. 2024 жылдың бірінші тоқсанында басталуы тиіс бұл реформа еңбекші қауым күтіп отырған үлкен жаңашылдық болмақ. Ұжымдық шарт мәдениетін қалыптастыру, жұмыс орындарындағы қауіпсіздік стандарттарын жетілдіру, қызметкерлердің құқықтық сауатын арттыру – кәсіподақ алдында тұрған басты міндеттердің бірі.
Қазақстан кәсіподақтары – елдегі әлеуметтік әділеттілік пен еңбек адамының құқығын қорғаудың негізгі табанды күші. 120 жылдық тарих – тек шежіре емес, халық сенімін арқалаған жауапкершілік, еліміздің еңбек саласын дамытуға бағытталған стратегиялық міндеттердің негізі. Бүгінгі кәсіподақтар: қоғамдағы тұрақтылықтың, еңбек адамын қорғаудың, әлеуметтік әділеттіліктің шынайы тірегіне айналып келеді.
Қорыта айтқанда, ел дамуының темірқазығы – еңбек адамы. Ал еңбек адамының жанашыры – кәсіподақ. 120 жылдық тарих – осы сенімнің, бірліктің, әділет жолындағы қажымас күрестің көрінісі. Алдымызда атқарар жұмыстар аз емес: құқықтық сауаттылықты арттыру, жұмыс берушімен тиімді диалог орнату, ұжымдық шарттарды жандандыру, әлеуметтік әріптестікті дамыту. Ең бастысы – кәсіподақ қозғалысын жаңа тарихи белеске шығару міндеті.

Шаяхмет ҮМБЕТОВ,
«Ауыл шаруашылығы
қызметкерлеріні салалық
кәсіптік одағы» ҚБ Ұлытау
облысы бойынша өкілі.