ҰЛЫТАУДА ҰЛЫҚТАЛҒАН ҰЛТТЫҚ ҒҰРЫП республика көлемінде насихатталады
Ертең, яғни, 1 мамырда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Ұлытау ауданында алғашқы қымыз мерекесі – «Kokmaisa fest» этнофестивалі өткізіледі.
Іс-шара Мәдениет және спорт министрлігі мен Қарағанды облысы әкімдігінің ұйғарымына сәйкес, қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалды ескере отырып, онлайн режимде ұйымдастырылады. Осы орайда, ұлттың қастерлі рухани қазыналарының бірі іспетті ғажайып ғұрыптың кең көлемде дәріптелуіне салалық министрлік пен облыс әкімдігінен тысқары, «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы» АҚ мүдделілік танытқанын айта кету керек.
Көшпелілер мәдениетінің қайталанбас бітімдегі ерекше үлгісінің жалпы адамзат өркениетіне қосқан үлесі тұрғысынан қарастырғанда өнегесі өлшеусіз бұл этнофестиваль Ұлытау өңірінде 2012 жылдан бері жыл сайын тұрақты түрде өткізіліп келеді.
Мәдениет және спорт министрлігі, облыс әкімдігі, сондай-ақ, басқа да қызығушылық танытатын тараптар өкілдерінің қатысуымен өткен мақсатты жиында ұлттың ертеңі үшін берері мол шараны тұтас ел аумағына шығару жөнінде сөз қозғалып, тиісті тұжырым жасалған еді. Биылғы ұйымдастырылуы – сол бәтуаның нақты іске ұласқан бастамасы. Этнофестиваль барысында Қарағанды облысына іргелес орналасқан аймақтардың біріне челлендж жолдау жоспарланған.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТ.