Жас кәсіпкерге – жаңа мүмкіндік

Ұлытау ауданында тағы бір жағымды жаңалық. Кеше ғана Мибұлақ ауылында мал сою алаңы ашылды. Нысанды аудан әкімінің 3 млн.теңге көлеміндегі грантына ие болған жас кәсіпкер Мақпал Дәуренова ашты.

Жаңа нысанның лента қию рәсіміне зейнеткер Ұлжалғас Смағұлова, мал дәрігері Исатай Есентаев, Мибұлақ ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ернияз Алтайбеков қатысып, ілкімді істің ілгері басуына тілек қосты. Мал сою алаңы заманауи құрал-жабдықтармен жеткілікті деңгейде жабдықталған. Заман талабына сай, халық сұранысына ие болуда. Жас кәсіпкер келешекте кәсібінің ауқымын одан әрі кеңейте түсуді жоспарлап отыр. Өйткені, кәсіпкерлік – ел экономикасының ілгерлетуші күші.
«Жас келсе – іске» демекші, Мақпал Әбдірахманқызы алған қаражатын мақсатты жұмсап, ел игілігіне бағыттайтынына сенеміз.

Қайрат ЖҰМАБАЙ.