Қазақстандық балалар 1 мамырдан бастап үйірмелер мен секцияларға тегін бара алады
Өткен жылдың соңында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. Әрбір балаға шығындарды төлеуді көздейтін қаржыландырудың жаңа әдісі 1 мамырдан бастап енгізіледі. Заң Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің бастамасымен әзірленді.
Қабылданған нормаларға сәйкес, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мемлекеттік спорттық және шығармашылық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру қағидалары мен әдістемесін әзірлейді және бекітеді. Өз кезегінде әкімдіктер мемлекеттік тапсырысты орналастырып, жеткізушілерді іріктеу, кезектілікті қалыптастыру, қызметтерге ақы төлеу және қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау бойынша жұмысты ұйымдастырады. Бұл ретте жергілікті билік органдары бюджет қаражатын барлық меншік нысанындағы жеке ұйымдарға да, мемлекеттік ұйымдарға да жіберетін болады.
Секцияға немесе үйірмеге бару үшін электронды кезекке тұру керек. Кезекте тұрған балаларды кейіннен бөлу үшін мұнда бос орындардың бар-жоғы туралы деректер қалыптастырылатын болады.
Кезек үйірменің әр түріне бөлек қалыптасады. Тізімге ену үшін баланың заңды өкілі өтініш бере алады. Нақты үйірмені немесе секцияны белгілеу қажет.
Орындарды бөлу және ваучерлерді беру оператордың жүйесімен автоматты режимде күн сайын жүргізілетін болады.
Егер бала білім беру, спорттық және шығармашылық тапсырыс шеңберінде екіден көп шығармашылық үйірмелерге немесе спорт секцияларына қатысса, онда оның ата-анасына басқа үйірмеге немесе секцияға бару үшін өтінішті тіркеуден бас тартылады.
Тапсырыс 4 жастан 17 жасқа дейінгі барлық балаларға, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балаларға қолданылатын болады.
2021 жылы Қарағанды облысында үйірмелер мен секцияларға 1 100 баланы тегін қабылдау көзделіп отыр. Келешекте бұл мөлшер ұлғайтылады.