Өндіріс әлеуеті мен даму бағыты таныстырылды
Өткен аптаның соңында Ұлытау ауданына қарасты Үшшоқы кен орнында орналасқан «BASS GOLD» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз жұмысын ашық түрде таныстыру мақсатында «Ашық есік» күнін ұйымдастырды.
Іс-шараға Ұлытау облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин, «Kazakh Invest» ұлттық компаниясы» АҚ Ұлытау облысы бойынша аймақтық директоры Айна Тәжиева, Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек және аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Гүлнар Ауғанова қатысты. Сонымен қатар, өңір кәсіпкерлері, серіктес ұйымдардың өкілдері де шараның қонағы болды. Ашық есік күнінің басты мақсаты – мемлекеттік органдар, инвесторлар және жұртшылықты компанияның қызметімен, өндірістік әлеуетімен, даму жоспарларымен таныстыру.
Компания басшылығы келген қонақтарға өндірістік аймақты аралатып, кен байыту процесі, қолданылатын технологиялар, еңбек қауіпсіздігін сақтау шаралары, сондай-ақ экологиялық стандарттардың орындалу деңгейі жөнінде толық мағлұмат берді.
– «BASS GOLD» серіктестігі өңір экономикасының дамуына, жаңа жұмыс орындарын ашуға және жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға үлес қосып келеді. Мұндай кәсіпорындар – индустриялық-инновациялық дамудың нақты нәтижесі. Компанияның ашықтық принципін ұстанып, қоғаммен тығыз байланыс орнатуы қуантарлық жағдай», – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Данияр Арынғазин өз сөзінде.
Сондай-ақ, Айна Тәжиева («Kazakh Invest» АҚ) кәсіпорынның инвестициялық әлеуетін жоғары бағалап, мемлекет тарапынан инвесторларға жасалатын қолдау тетіктеріне тоқталды.
Іс-шара барысында жергілікті кадрларды даярлау, экологиялық мәдениетті дамыту, өңірдің инфрақұрылымына үлес қосу мәселелері де талқыланды. Компания өкілдері алдағы уақытта өндірісті кеңейту, жаңа технологияларды енгізу және әлеуметтік жауапкершілік жобаларын жүзеге асыру жоспарларымен бөлісті.
Шара соңында қатысушылар «BASS GOLD» ЖШС өндірістік цехтары мен техникалық базасымен танысып, өз әсерлерімен бөлісті.
Аталған кәсіпорынның тұрақты дамуы мен өңір экономикасына қосқан үлесі – Ұлытау облысының өнеркәсіп әлеуетін арттырудағы нақты қадамдардың бірі екені анық.
Ізбасар ОЙБАС.