Жолдаудағы басым бағыттар түсіндірілді

Қыркүйектің басында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялаған болатын. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: Өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» деп аталған бұл стратегиялық құжат еліміздің экономикалық, әлеуметтік және технологиялық даму жолындағы жаңа басымдықтарды айқындап берді.

Жолдау ел өміріндегі маңызды кезеңмен тұспа-тұс келіп отыр. Цифрландыру мен жасанды интеллект технологиялары күн сайын қарқын алып жатқан қазіргі заманда мемлекет жүйесінің тиімділігін арттыру, адам капиталының сапасын көтеру, инновация мен білімді ұштастыру — басты міндеттер қатарында.
Осы мақсатта жуырда Мәкен Төрегелдин атындағы музейінде түсіндіру және талдау бағытында кездесу ұйымдастырылды. Жиынға Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Руслан Тоқатов арнайы келіп, Президент Жолдауындағы негізгі бағыттар мен тапсырмаларды жезділіктерге кеңінен түсіндіріп берді. Кездесуге аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен жастар қатысты.
— Мемлекет басшысы бұл жолы Жолдауда елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа моделін ұсынды. Әсіресе цифрлық экономика мен жасанды интеллектті енгізу арқылы басқару жүйесін жетілдіру, өндіріс пен білім саласын жаңғырту мәселелері ерекше атап өтілді. Бұл — елдің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған шешуші қадам, — деді Руслан Тоқатов өз сөзінде.
Кездесу барысында Жолдаудың негізгі бес бағыты кеңінен талқыланды.
Цифрлық трансформация және жасанды интеллект. Президент бұл бағытта мемлекеттік басқару, өндіріс, медицина, білім және қаржы салаларын толық цифрландыру міндетін қойды. «AI Kazakhstan» ұлттық стратегиясын әзірлеп, жасанды интеллект саласын дамыту үшін заңнамалық база қалыптастыру қажеттігі айтылды.
Экономиканы әртараптандыру және технологиялық өндірістер. Еліміздің индустриялық саясаты жаңа мазмұн алады. Кәсіпорындарда интеллектуалды жүйелер енгізіліп, еңбек өнімділігі мен сапа артпақ. Бұл — Жезді секілді өнеркәсіптік аймақтарға да жаңа мүмкіндік.
Білім мен ғылымды дамыту. Президент сапалы білім беру мен жастардың инновациялық әлеуетін арттыруды ерекше назарға алды. Цифрлық дағдыларды меңгеру, инженерлік және ІТ мамандықтарға басымдық беру міндеті қойылды.
Әлеуметтік әділдік және азаматтардың әл-ауқаты. Халық табысын арттыру, әлеуметтік теңдік пен әділдікті қамтамасыз ету бағытында жаңа тетіктер енгізіледі.
Мемлекеттік басқарудағы ашықтық пен тиімділік. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының жаңа деңгейі — цифрлық үкімет. Барлық қызмет түрлері халыққа ыңғайлы электронды форматта қолжетімді болмақ.
Кездесуге қатысушылар Ел Президентінің бастамаларына қолдау білдіріп, қойылған сұрақтарына нақты жауап алды. Шара соңында қатысушылар Жолдаудың әрбір тармағы ел болашағына бағытталған нақты бағдар екенін атап өтті.
Мұндай түсіндірме кездесулер — ел азаматтарының мемлекет саясатын дұрыс түсініп, ортақ мақсат жолында бірігуіне ықпал етеді.

Аманкелді АҚШАЛ.