Автожолдарды жөндеу қарқынды
Қай елдің де өркендеуі ең алдымен жолдың сапасына байланысты. «Жол – халықтың тұрмысын түзейді, елдің экономикалық әлеуетін арттырады» деген нақылдың астарында үлкен мән жатыр. Соңғы жылдары елімізде жол инфрақұрылымын жаңғыртуға ерекше назар аударылып келеді. Ұлытау ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде.
Аудан орталығы – Ұлытау ауылында Рәміздер алаңына дейінгі кіреберіс жолға орташа жөндеу жұмыстары қолға алынды. Ұзындығы небары 0,25 шақырым болса да, бұл жол ауыл тұрғындары мен қонақтары үшін маңызды бағыт саналады. Қазіргі уақытта көтерме жолға жартас топырағынан жасалған жабынды төселіп, оны тегістеу жұмыстары толық аяқталды. Бұл – болашақ асфальт төсемінің мықты әрі ұзақ мерзімге шыдамды болуын қамтамасыз ететін негізгі кезең.
Жол құрылысы барысында инфрақұрылымдық маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Ұзындығы 11 метр болатын екі нүктелік су өткізу құбыры орнатылып, жолдың төзімділігі күшейтілді. Бұл жаңғырту жұмыстарының сапалы әрі қауіпсіз орындалуына негіз болып отыр. Сонымен қатар, алаң маңындағы 350 шаршы метр аумақты қамтитын автотұраққа асфальт төсеу қатар жүргізілуде. Бұл алдағы уақытта жергілікті тұрғындардың және келген қонақтардың көлігін қоятын ыңғайлы орынға айналмақ.
Жөндеу жұмыстары тек Ұлытау ауылымен шектелмейді. Айыртау елді мекеніне кіреберіс жолды да орташа жөндеуден өткізу жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Жұмыстың сапасы мен орындалу барысы тиісті техникалық қадағалау органдарының тұрақты бақылауында. Жоспарға сәйкес, бұл ауқымды жұмыстар 2025 жылдың шілде айында басталып, 2026 жылдың тамыз айында аяқталмақ.
Жолдың жақсы болуы – елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Қауіпсіз әрі сапалы жол – ауыл шаруашылығы өнімдерінің тасымалына, жолаушылардың қатынасына және туризмнің дамуына серпін береді. Әсіресе Ұлытау секілді тарихи-мәдени мұрасы мол өңір үшін жол мәселесі – тек инфрақұрылымдық емес, рухани маңызы зор іс.
Ұлытау ауданындағы жолдарды жөндеу жұмыстары – тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталған нақты қадам. Басталған іс уақытылы әрі сапалы аяқталса, ауыл-аймақтың келбеті жаңарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдай қалыптаспақ.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.