Жаңа кәсіби мереке пайда болуы мүмкін
«Қазақстанда жаңа кәсіби мереке – Малшылар күні пайда болуы мүмкін. Қаулы жобасын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі әзірледі» – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ашық НҚА» порталында жарияланған қаулы жобасына берілген түсіндірмеге сәйкес, Малшылар күні мерекесін маусымның екінші жексенбісінде атап өту көзделген.
«Қаулы жобасын іске асыру республикалық бюджеттен қаржылық шығындарға әкеліп соқпайды. Қаулы жобасын қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық немесе саяси-құқықтық және өзге де салдарларды болжамайды. Жобаның мақсаты – елімізде Малшылар күні мерекесін бекіту, сондай-ақ, сала жұмыскерлерінің беделін арттыру, салада қол жеткізген жетістіктері үшін оларды көтермелеу болып табылады», – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің түсіндірмесінде.
Құжат биылғы жылғы 5 мамырға дейін талқылауға ұсынылған.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ