Табиғатты аялау – ұлттық идеология өзегі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында халыққа Жолдауын жариялады. Жалпы қоғам үшін маңызы аса зор құжатта көтерген экологиялық ағарту ісіне қатысты бастамасы – ел болашағы үшін стратегиялық шешім.

«Таза Қазақстан» жобасының нәтижелері халықтың табиғатқа жанашырлықпен қарай бастағанын көрсетті: жүздеген мың гектар жер тазартылып, миллиондаған ағаш отырғызылды.
Енді маңыздысы – бұл үрдісті жалғастырып, тазалық мәдениетін күнделікті өмір салтына айналдыру. Экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін білім беру жүйесіне енгізу – жас ұрпақтың экологиялық санасын қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етеді.
Табиғатты қорғау – тек экологиялық мәселе емес, ол ұлттық идеологияның өзегіне айналуы тиіс. Сонда ғана Қазақстан шын мәнінде «жасыл елге» айналып, келешек ұрпаққа асыл мұра қалдырады.
Жалпы тазалық ұғымы – ұлт санасында, түп-тамырымызда бар дүние десек, қателесе қоймасымыз күмәнсіз. Ол – біздің қанымызға дарыған қасиет. Осы жоба аясында тамырда тұрған сол «дүниені тірілтіп», оны енді өзгерместей, яғни, санадан қайыра шықпастай етіп бекітсек жеткілікті.
Осы ретте жас буынның «оянуы» – зор маңызға ие. Жалпы қауым, оның ішінде жас ұрпақ өкілдері тазалық атты киелі ұғым шашылғанды жинаудан ғана емес, алғашқы кезекте жинақылықтан, күл-қоқысты бей-берекет тастамаудан бастау алатынын жан-тәнімен сезіне білуі тиіс. Мемлекет басшысының экологиялық ағарту ісінің бірыңғай үлгісін білім беру жүйесіне енгізуге қатысты тапсырмасының астарында сол талаптың жатқаны айдан анық.
Бағалы бастама жалпыхалықтық қолдауға ие болуымен құнды.
Ендеше, іске сәт, ағайын!

Толқын ТАЛИПОВА,
«Ұлытау ауданының Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы.