Алдағы міндеттер аясы айқындалды
Ұлытаулық мемлекеттік қызметшілер, жергілікті өкілді орган мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты дәстүрлі Жолдауын аудан әкімдігінің мәжіліс залында орнатылған экран арқылы тыңдады. Тыңдауға аудан әкімі, аудандық мәслихат төрағасы, аудан прокуроры және өзге ресми тұлғалар қатысты.
Бұл Жолдау елдің жаңа даму бағытын айқындап берді деп тұжырымдауға толыққанды негіз бар. Президент өз сөзінде тек ішкі саясаттың емес, халықаралық ахуалдың да өзекті мәселелеріне тоқталып, еліміздің алдағы жылдарға арналған стратегиялық мақсаттарын нақтылап берді.
Мемлекет басшысы қазіргі таңда жаһандағы геосаяси жағдайдың анағұрлым күрделене түскенін айрықша атап өтті. «Әлемде жаңа геосаяси тәртіп қалыптасып келеді. Ұлттық мәдениеттерге қысым артып, қақтығыстар өршіп тұр. Бұл сын-қатерлерге біз дайын болуымыз керек», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Бұл – еліміз үшін бейтараптық пен көпвекторлы саясатты сақтай отырып, ұлттық мүддені қорғаудың маңызын арттырады. Әлемдік қауымдастықта тәжірибелі дипломат ретінде танылған Мемлекет басшысы алты құрлықпен де достық қарым-қатынасты сақтап, ынтымақтастықты нығайтуда.
Президенттің айтуынша, еліміз үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. «Қазақстан цифрлық дәуірде артта қалмауы керек. Біз цифрландыруды елдің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің басты кепілі ретінде қарастыруға тиіспіз», – деді ол.
Осы бағытта Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру және «Цифрлық кодексті» қабылдау ұсынысы – елімізді жаңа өркениеттік деңгейге көтеретін шешім. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы мектеп бағдарламасына арнайы пән ретінде жасанды интеллект негіздерін енгізіп, жасөспірімдердің жаңа технологияларға бейімделуін тапсырды.
Міне, осы және Жолдауда тілге тиек етілген басқа да маңызды мәселелер Қазақтанның одан әрі қарыштап дамуына тиімді ықпал етері – күмәнсіз ақиқат.
Сол мақсат жолында дүйім ел болып, мүдделі түрде тынымсыз еңбек ету барша қазақстандықтардың мерейлі міндеті болуы тиіс.
Тәслима ОРАЗАЛЫҚЫЗЫ.