«Жезқазған-Арқалық» автожолы жаңарып жатыр

Ұлытау өңірінде көптен күткен маңызды жолдардың бірі – «Жезқазған–Арқалық» автокөлік жолы биылғы жылы қарқынды түрде жаңғыртылып жатыр. Ұзақ жылдар бойы тұрғындар мен жолаушылар тарапынан сынға ұшырап келген бұл бағыттағы жол қазір шын мәнінде жаңару кезеңіне қадам басты.

Жол жөндеу жұмыстарының барысымен танысу мақсатында Ұлытау ауданына арнайы іссапармен Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Бауыржан Шыңғысов, аудан әкімі Аманжол Мырзабеков, сондай-ақ Қостанай облыстық мәслихатының депутаттары келіп,
жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көзбен көріп, мердігер мекемелердің есебін тыңдады.

Ұлытаудан басталған жол – солтүстікке кең мүмкіндік

Бүгінгі таңда Ұлытау ауылынан бастап Арқалық бағытына қарай орташа жөндеу жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Жоспар бойынша 2026 жылы Арқалық шекарасына дейінгі 111 шақырым жол толық жөнделеді. Сонымен қатар, шекарадан Арқалық қаласына дейінгі 87 шақырым жол да орташа жөндеуден өтеді.
Бұл – Ұлытау мен Қостанай өңірлерін ғана емес, жалпы еліміздің орталық пен солтүстік бөліктерін байланыстыратын стратегиялық
маңызы бар бағыт. Жаңа жол – экономикалық және әлеуметтік байланысты күшейтеді, жүк тасымалы мен жолаушылар қозғалысын жеңілдетеді, туризмнің де дамуына серпін бермек.

Асфальт зауыты іске қосылды –
сапа мен қарқын артты

Жөндеу жұмыстарының тиімділігін арттыру үшін Ұлытау ауданы аумағында заманауи асфальт зауыты іске қосылды. Зауыт сағатына 120 тонна ыстық асфальтбетон өндіре алады. Бұл, біріншіден, құрылыс қарқынын арттырып, материалдың дер кезінде жеткізілуін қамтамасыз етсе, екіншіден, сапаға да оң әсер етіп отыр.
Мамандар қазіргі таңда жаңа асфальтбетон жабынын төсеу, жол жиегін нығайту, қосымша қауіпсіздік инфрақұрылымдарын орнату жұмыстарын жүргізуде. Құрылыс алаңына 100-ге жуық арнайы техника мен 130-ға тарта жол маманы тартылған.

Ауылдықтар үміт артып отыр

Жол мәселесі – әсіресе ауыл тұрғындары үшін өзекті. Ұлытау ауданына қарасты ауылдардың тұрғындары жылдар бойы Жезқазған мен Арқалық бағытында қатынаудың қиыншылығын айтып келген еді. Енді бұл мәселе шешімін табуда.
Аудан тұрғындары облыс және аудан басшылығының бұл бағыттағы белсенді жұмысына ризашылық білдіруде. Жолдың сапалы әрі уақтылы аяқталуы – ауыл халқының өмір сапасын жақсартатыны сөзсіз.
Жалпы, «Жезқазған–Арқалық» жолының қайта жаңаруы – бұл тек көлік қатынасының емес, тұтас өңірлердің даму жолындағы ауқымды қадам. Ұлытаудан басталған бұл құрылыс – ел игілігіне қызмет ететін үлкен өзгерістердің бастауы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.