Қарағанды облысының мектеп түлектері көктемгі ҰБТ тапсырды

18 наурыз бен 10 сәуір аралығында Қарағанды облысында жалпы білім беретін мектептердің 11-12 сынып түлектеріне арналған ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді. Жалпы өңір бойынша ҰБТ-ға өтінім берген 5 316 адамның 5 148-і қатысты. Көктемгі ҰБТ нәтижелері бойынша ЖОО-ға тек ақылы негізде түсуге болады.

Мемлекеттік білім грантын алғысы келетін үміткерлер өз қалауы бойынша ҰБТ-ны екі рет – 30 сәуір мен 30 маусым аралығында тапсыра алады. Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың наурыз айынан бастап ҰБТ-ны «бір тестер — бір компьютер — бір камера» қағидаты бойынша электронды форматқа көшірілді. ҰБТ тапсырушыларды тану тестіленушінің орнына бөтен адам кірмеуі үшін FACE ID сандық сәйкестендіру құрылғысының көмегімен жүргізілді.

Қарағанды облысында үш тестілеу пункті дайындалды — Қарағанды, Балқаш және Жезқазғанда.

«Металл іздегіштердің көмегімен 14 түлектен тыйым салынған заттар табылды және олар ҰБТ тапсыруға жіберілмеді. Тестілеу кезінде байқаушылар ҰБТ ережелерін бұзған 19 қатысушыны анықтады. Олар бойынша хаттамалар толтырылып, тестілеу нәтижелері жойылды», — деп хабарлады Қарағанды облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті.

Ата-аналар да ҰБТ барысын education.kz сайты арқылы тікелей эфирде бақылау мүмкіндігіне ие болды.

Тестілеу процесін ҰТО ахуалдық орталығында қадағалады. Ашықтылық пен әділдікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттігінің Арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылды.