АУДАН ӘКІМІ ЖЕЗДІ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫН ҚАБЫЛДАДЫ
Аудан әкімі Аманжол Мырзабеков Жезді кентіне жұмыс сапарымен барып, жергілікті тұрғындарды жеке қабылдады. Қабылдау барысында бірқатар маңызды мәселелер көтеріліп, олардың нақты шешу жолдары қарастырылды.
Тұрғындар көтерген мәселелер:
Айжан Жуванишева — Живов, Тоқтыбаев және Құттыбаев көшелерінде жарықтың жиі сөнетінін айтып, электр желісіне қатысты шағымын жеткізді.
Бектұр Садуакасов — кентке банкомат орнату қажеттігін көтерді.
Азат Төлебаева — ескі ойын алаңдарының орнына жаңа балалар алаңын салу туралы ұсыныс айтты.
Ақерке Садуакасова мен Алтын Мартқамалова — Алматы қаласында өтетін ұлттық фестивальге қатысу үшін қаржылай көмек сұрады.
Аудан әкімі көтерілген мәселелерге қатысты нақты жауап берді:
Электр желілері бойынша — шілде айында Қожабай ақын, Сәтбаев және Абай көшелерінде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Банкомат орнату — мәселе заң талаптарына сәйкес қарастырылып, Халық банкінің филиалына ресми хат жолданады.
Балалар ойын алаңы — идея қолдау тауып, жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу тапсырылды.
Фестивальге қатысу — өтініш қанағаттандырылып, демеушілік қолдау арқылы 250 000 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілетін болды.
Сонымен қатар, аудан басшысы көтерілген мәселелердің уақытылы шешілуін қамтамасыз ету мақсатында Жезді кентінің әкіміне және Ұлытау ауданы әкімінің аппаратына нақты тапсырмалар жүктеді.
Жұмыс сапары барысында аудан әкімі Жезді кентінде салынып жатқан екі тұрғын үйдің құрылыс барысымен де танысты. Құрылыс сапасы мен мерзімі — аудан басшысының жеке бақылауында.
Ұлытау ауданы әкімінің баспасөз қызметі.