Бас жүлде – Әлиханда
Жуырда Алматы қаласынан сүйіншілі хабар жетті. №4 Қаракеңгір орта мектебінің 7 сынып оқушысы Әлихан РАХЫМЖАН Дина Нүрпейісованың 160 жылдығына орай, «Жеті өнер» шығармашылық орталығы өткізген «Алты Алаштың күй анасы – Дина» атты ІІ республикалық фестиваль-конкурсына онлайн форматында қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды.
Байқау ережесіне сәйкес, Әлихан «Көркемсөз» аталымы бойынша Ільяс Жансүгіровтің «Күйші» поэмасын жатқа оқыпты. Нәтижесінде өнердің биік үлгісін көрсетіп, Халықаралық байқауға жолдама алды.
Жеңімпаздың ұстазы – аудандық балалар Өнер мектебі филиалының №4 мектептегі «Театр өнері» үйірмесінің жетекшісі Орынтай Шманова. Шәкіртімен бірге ұстазы шығармашылық орталықтың Құрмет грамотасымен марапатталып, «Үздік педагог» дипломына ие болды. Мұндай құрмет жетекшісіне талантты баланы өнерге баулыған ерекше еңбегі үшін беріліп отыр. Жас өреннің жеңімпаз атануы жетекші еңбегінің жемісі.
Әлиханның алар асуы алда. Тіл-көзден сақтасын!
Қайрат ЖҰМАБАЙ