Кәсіби бағдар беру жұмысы – тиянақты

Сейсенбі күні аудан орталығындағы іргелі білім ошағы – №1 Ұлытау тірек мектебінде Жол активтері сапасының ұлттық орталығына қарасты Ұлытау облысындағы филиалының бөлім басшысы Жанат Саликов заман талабына сай кәсіптік бағдар беру мақсатында жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында бөлім басшысы Жанат Талғатұлы оқушыларға техникалық мамандықтардың маңыздылығын түсіндіріп, болашақ кәсібін таңдауға кеңес берді. – Сіздер өмірлеріңіздің маңызды кезеңдерінің бірі мамандық таңдауға қадам басқалы тұрсыздар. Осы бастан өз болашағыңды жарқын ету үшін елге қажетті мамандықты таңдаған абзал. Бүгінде әлемде 40 мыңнан астам кәсіп бар, бірақ олардың арасынан сұранысқа ие әрі өзіңізге ұнайтын мамандықты таңдау оңай шаруа емес. Елімізде мамандардың жетіспеушілігі байқалатын салалардың бірі техникалық бағыттар. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та өз ойын білдірген еді. «Гуманитарлық мамандықтарға деген қызығушылықтың заманы өтті. Ендігі басымдық – техникалық мамандықтарға берілу керек. Бізге жаңа буын инженерлері қажет» деген болатын. Ел Президенті осыған байланысты 2025 жылды «Жұмысшы кәсіптер жылы» деп жариялады. Қазірдің өзінде мемлекеттің қолдауымен техникалық мамандықтарға бөлінетін гранттар саны едәуір өсті. Инженерлік, өңдеу және құрылыс салаларына 19 344 грант бөлінді. Сондай-ақ, биылғы жылы «Көлік құрылысы» және «Көлік нысандары» деген атаумен жаңа білім беру бағдарламасы құрылды. Осы бағдарлама бойынша автомобиль жолдары мен аэродромдар, теміржолдар, көпірлер, газ-мұнай құбырларын салу мамандықтары оқытылады.
Бүгінгі күні жаңа технологияның дамуына байланысты көптеген мамандықтар жоғалып барады. Бірақ жол саласы ешқашан маңызын жоғалтпайды. Қазақстан жер көлемі жағынан әлемде 9-шы орында болса, ал жол инфрақұрылымы бойынша 32-ші орында тұрғаны белгілі. Сондықтан, бізге ең әуелі кәсіби инженерлер, құрылысшылар мен сарапшылар өте қажет. Сол үшін осы кездесуді өткізіп отырмыз. Бір айта кетерлігі, бұл саланың жалақысы жоғары. Ұлттық жол активтері сапасы орталығында инженерлер айына 700 мың теңгеге дейін жалақы алады. Студенттер оқу орнында оқып жүріп-ақ, ақы төленетін өндірістік тәжірибеден өтуге болады. Осы күнге дейін 243 студент тәжірибеден өтті. Олардың 19-ы жол саласына жұмысқа орналасты. Біз сөз етіп отырған жол саласы – технологиялық сала. Мұны көптеген адамдар жол саласындағы мамандықтарды тек күрек ұстап, асфальт төсейтін жұмысшылар ретінде елестетеді. Бірақ, бұл ескірген түсінік. Бүгінде барлық процестер автоматтандырылған. Инженерлер қағазбастылықтан арылып, планшетпен жұмыс істейтін қалыпқа келді. Осыны да білген жөн.
Ал, жол құрылысы саласы бойынша Қазақстанда 8 жоғары оқу орны мамандар дайындайды. Оқуды тәмамдаған соң, жұмысқа тұру да қиынға соқтырмайды. Қазақстанның кез-келген жол құрылысы компанияларында еңбек етуге мүмкіндік бар. Осы бастан тұрақты, беделді және жақсы табыс әкелетін мамандық іздесеңіздер, онда жол құрылысы саласының маманы болуға талпыныс жасаңыздар, – деді Жанат Саликов.
Мәнді басқосуда бөлім басшысы Жанат Талғатұлы оқушылар тарапынан қойылған сауалдарды да мұқият тыңдап, орнықты жауаптар қайтарды. Жалпы, бұл кездесу жастарды сұранысқа ие техникалық мамандықтарға тартуды мақсат етті.

Өз тілшімізден.