Облыстық сайыста топ жарды
Аудандық білім бөліміне қарасты Оқушылар үйінің жанынан өткен күзде ғана ашылған «Медиа-мектеп» шәкірттері өздерінің алғашқы жетістіктеріне қол жеткізді. Олардың мерейі Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, облыстық «Сарыарқа дарыны» ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған «Тәуелсіздік кинолентасы» балалар киносының облыстық фестивалінде үстем түсті.
Жалпы саны 80-ге жуық қатысушы ұсынған жобалардың ішінен «Киножурнал» номинациясы бойынша №1 Ұлытау Тірек мектебінің 8-сынып оқушысы Елдара Обайдуллин І орынды жеңіп алды. Осы номинацияда аудандық Оқушылар үйінің шәкірттері Айсұлу Төлеш, Ислам Әден, Айдана Сәдір және №2 Қорғасын орта мектебінің оқушысы Аяла Сартай жүлделі Ш орынды иеленді.
Жеңімпазға Кубок тапсырылып, дипломмен марапатталса, жүлдегерлер естелік сыйлықтардың иегерлері атанды. Ал дарынды балалардың жетекшісі Думан Әденге ұйымдастырушы тараптың Алғыс хаты табыс етілді.
«Медиа-мектеп» шәкірттерінің бұл жеңістері болашақтағы табыстарының берік іргетасы болары анық.
Рахымжан МОЛДЫБАЕВ