Тағылымды кездесу

Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай «Естен кетпес отты жылдар» атты мектеп оқушыларымен тағылымды кездесу өтті.

Іс-шараға тыл ардагерлері Қанипаш Мұқанова мен Балымша Жарасбаева кештің қадірлі қонақтары болды.
Кездесу барысында ардагер әжелер ауыр жылдардың естеліктерімен бөлісіп, сол бір сұрапыл соғыс жылдарындағы тылдағы еңбек пен халықтың бірлігі жайлы сыр шертті. Мектеп оқушылары өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ардагерлердің өнегелі жолынан тағылым алды.
Шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімді ұялату. Сондай-ақ тыл ардагерлерінің еңбегін бағалау оларға құрмет көрсету болды. Оқушылар ардагер әжелердің әңгімелерін үлкен қызығушылықпен тыңдап, естелік суреттерге түсті.
Кездесу соңында Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рахат Тақанұлы ардагерлерге құрмет көрсетіп, Алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды тарту етті.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл кездесу өскелең ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі болды. Тарихқа тағзым етумен елге деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды шара ретінде әсер қалдырды.

Айжан БӨРІБАЙ,
Ұлытау аудандық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері.