Менің атам – майдангер

Төрткүл дүниені дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыс адамзат жадында ең айрықша қанқұйлы соғыс ретінде есте қалды. Кеңес тарихында «Ұлы Отан соғысы» деп таңбаланған қанды қасапта менің атам Кенжектің ағасы Шахман ЖҰМАБАЕВ жат жерде ажал құшты. 1944 жылы Эстония жерінде қаза тапты.

Атам Шахман Жұмабайұлы 1918 жылы Терісаққан ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Апасы – Дәмелі Жезді кентінде, інісі Кенжек Шеңбер ауылында тұрды. Шахман атам жасынан алғыр, өжет болып өседі. Еңбекке ерте араласады. Желдіадыр колхозындағы мектепте оқып, төрт кластық білім алады. 1937-38 жылдары колхозда бригадир болып қызмет атқарады. Тыл ардагері Кенжек атамның айтуынша, Шахман Жұмабайұлы өнерге жақын болса керек. Сол кездің өзінде әншілік, ақындық қабілетімен көпке танылады. Сегіз қырлы, бір сырлы азамат болған сыңайлы.
Ел басына қайғы бұлт үйірілген екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Шахман атам өзінің Отан қорғау алдындағы борышын өтеу жолында әскер қатарында жүр екен. 1941 жылы соғыс басталғанда Шахман атам әскерде жүріп, майданға аттанып кетеді. Алғашқыда-ақ, неміс басқыншыларына қарсы сұм соғыстың алғы шебінен көрінеді. Сол аласапыран кезде үш айлық курстан өтіп, капитан шенінде 70-ші атқыштар дивизиясының құрамында болады. Қан майданның бір-бірімен жалғасып жатқан тұсында Ленинградты қорғауға жанын салып, сондай-ақ, Украина шайқасына қатысады. Майданның 252- ші полкінде болып, қандықол басқыншыларды Эстония жерінен ығыстырады. Сол сұрапыл шайқаста ауыр жараланып, қаза табады. Атамның мүрдесі Эстонияның «Бауырластар» зиратына жерленген.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында өзімнің майдангер ұрпағының немересі екенімді мақтан тұтып отырмын. Біздің болашағымыз үшін қанды қырғында жанын пида еткен атамның ерлік істері – патриоттық рухта елге өнеге болып қала бермек.

Мәдина ЖҰМАБАЕВА,
немересі.