Алғашқы Жеңіс тойы

Тоғанның аяқ жағында «Шәнүй» деген жайлауда сиыр сауып отырған сауыншыларды тамақ әзірлеуге шақырды. Шешей сауыншы. Ол уақытта менің жасым бестен асып, алтыға қараған кезі болатын. Мен шешемнен қалмай осы той болып жатқан жерге келдім. Адам жас кезіндегісін ұмытпайды екен. Сол уақыт, сол күндер, адамдардың кейпі, сол күнгі ауа райы, бәрі-бәрі тап кеше ғана сияқты көз алдымда тұр. Бәрінің қуаныштарында шек жоқ. Бір-бірімен шүйіркелесіп, амандық-саулық сұрасып дегендей қауышып, қауқылдасып жатыр. Мен бұған осындай адам қуанышын көргенім жоқ. Бір қараша үйде дүрілдеп диірмендер тартылып жатыр. Кілең жас жігіттердің алдында бір-бірден диірмен, жандарында бір-бір шара бидай, ішінде сол колхоздың мүшелері, неміс жігіттері Адол, Тито, Вальта дегендер де бар. Олар қазақшаға судай, қайта өзіңді жаңылдырады. Біреулері ұнды елеп, қапқа салып жатыр. Біреулері бидайды тасынан тазалап жатыр, бәрі де көңілді. Өзен жағасында да қаптаған адам. Олар қасапшылар. Жылқы да, сиыр да, қой да сойылып жатыр. Ішек-қарын аршып жатқан әйел, қыз-келіншектер. Олар да солай, у-шу, мәз-мейрам, бірінің дауысын бірі басып, әзілдесіп жатқан адамдар. Сол маңай, сол дала күлкі, қуанышқа толып, сыймай жарылып кететін сияқты болып тұр. Сол күннің жел жоқ, қоңыр жылылығы қандай десеңізші. Көгалға аттарын тұсап отқа қойып, екеу-үшеуден аунап-қунап жатқан адамдар.

Мен сол күндегідей ауа райының төккен мейірімін әлі көргенім жоқ. Бұл менің әлі есімнен кетпейді. Сиыр фермасынан келген әйелдерге жерошақ, нан пісіру тапсырылды. Мен де солардың жанындамын. Бір уақытта: «Әй-әй, әне, Төлеубай бізге қарай келе жатыр. Амандасайын деген шығар» деп әйелдер өзара шуылдасып қалды. Төлеубай – ұжымшар басқармасы Әне Сағынбаевтың інісі. Орташа, арықша келген, сымға тартылғандай сымбатты, үстіне сарыала әскери киім киген, кеудесі толған орден мен медаль, маңдайына қызыл бес бұрыш қадаған шәпкілі бір адам жиынға қарай жақындап келеді екен. Ойпырым-ай, мен ерекше киімдегі мынадай адамды бірінші көргенім. Қорқып тұрмын ба, әлде таң қалып тұрмын ба, апама (шешеме) қарай тығыла берем. Бір уақытта бәрі құшақтасып, жамырасып амандасты. Кейбіреулері жылап жатыр. Сондағы менің шешемнің жылағанын-ай. Әрине, ол соғыстан оралмаған жарын сағынып, келмеген қайнысын ойлап, іші-бауыры езіліп жылап тұр. Арасында «Төлеубай-ау, сен оларды көрдің бе? Неге олар келмей қалды. Оқ тиіп жараланғанын көрдің бе?» деп дауыс қылып жылай береді. Біразға дейін өсіксігін баса алмады. Апам жылаған соң мен де жылап тұрмын. Сонда менің көргенім біреуге сол той қуаныш, ал біреулерге ескі жараның бетін тырнағандай аянышты болды. Апам өксігін баса алмаған соң, қашаннан ауылдас, бәрі бірге сауыншы, соның ішінде бізге жақындау Айымторы бір уыс бауырсақ әкеліп, «Әй, Алтын, қойшы, мына бауырсақты жейікші. Ендігі пісіретін нанды осылай пісіреміз бе, кәне, жеп дәмін татып көрейікші» – деп апамды қолтықтай жерге отыра кетті. Бауырсақты жеп отырып шешем қайтадан бастады. Жаңа Төлеубайды көргенде, не жоқшылық, не бейнет, не азап, бастан кешкен бар ауырлық тамағыма келіп кептеліп қалғандай болды. Басқа әйелдер келіп, «Қой енді, біз де шыдап жүрміз ғой. Енді мынау артыңдағы еріп жүрген күшіктерің аман болсын. Тек солардың тілеуін тіле» — десті. Сонда апам тұрып: «Әй, Қадиша-ай, сен жаралы болып келсе де әйтеуір, көзің көріп, қолыңнан жөнелттің ғой. Ал аналар қай жердің, қай елдің топырағының астында қалды екен» – деп бірте-бірте, әйтеуір бәрі жабылып жұбатқасын әрең дегенде тоқтады-ау. Нан пісіруге дайындық қызу жүре бастады. Мұрынын тескен өгіздер жегілген екі аяқ арбамен жаңа қазылған жерошақ басына қазандарды әкеліп түсіріп жатыр. Сол жерде не көп, арба көп екен. Ағаш, тезек, отын да әкелінді. Енді біреулері анау ойдағы сойылған малдың етін арбаға салып жатыр. Білмеймін, қайда әкетіп жатқанын. Бір-екі арба Сарлық жағынан келе жатыр, үсті толған жүк.Сол көп арбаның ішінен жеті сайын қорыған майды біздің ауылдан аудан орталығы Ұлытауға әкететін арбаны да танып тұрмын. Әйтеуір, қарбалас тіршілік. Кәдімгі құмырсқаның илеуі сияқты болды да кетті. Сол күні біраз бауырсақ пісіріліп, шаруа ыңғайланған соң кешке қарай, кешкі сауынға үлгеру үшін ауылға келдік. Үйге келісімен әжем апамды «әскерден келгендерден кімді көрдің, кім болды? Олар кімдер екен, олармен сөйлестің бе?» — деп сұрақ астына алды. Апам боса-болмаса манағы жағдайды айтып жатыр. Сол-ақ екен әжем дауысқа салып, ал келіп жыласын. Біз үрпейісіп, далаға шығып кетудің жолын таба алмай, бір жерде отырып қалдық. Ойнауға да зауқымыз жоқ. Әжем жылап-жылап тас бүркеніп жатып қалды. Пісіріп әкелген нанға да қараған жоқ. Бір әшүмке шәй мен бір тістем қант бар еді, бәрі сол күйінде қойған орнында қалды. Қолына ұстаған да жоқ. Апам сиыр саууға кетті.
Ертеңгісін таңертең сиырды ерте сауғызып, бригадир сауыншыларды кешегі жаққа қайта алып барды. Күн жаңа шығып келе жатыр. Мен жалаңаяқпын. Табанның бәрі күс, сазбалшық топырақ. Кәдімгі етіктің табаны сияқты жып-жылтыр, шөптесін жерлерде кәдімгі бір мұздың үстінде жүргендей тайғанақтап құлайсың. Оған өзің мәз болып күлесің. Онша-мұнша емес тікен де кіре қоймайды. Боса -болмаса, сирақ етіктің қонышы сияқты, ол да қап-қара, күс-күс, терісі қап-қалың, ескі көйлек. Міне, менің тойға келе жатқандағы пошымым. Апамның аяғында және басқаларының да кигені қыстық бәтеңке. Мен оны есейген кезде білдім, сөйтсе ол Американың сол уақытта бізге көмек ретінде берген киімдері екен. Ол уақытта, жалпы кешегі бала кезімізде бір жақсы нәрсе көрсек «американский» дейтінбіз. Міне, сауыншылардың аяғындағы Американың бізге жіберген сол аяқ киімдері. Оны қыста да, жазда да кие береді. Бірақ, әйтеуір өзі мықты, қолдан жасалған көн етіктердей емес. Табандары қалың, темір шегемен шегеленген. Ал, олардың үстеріне не кигені жадымда қалмапты. Әйтеуір, жыртығы жоқ деп шамалаймын. Бригадир тоғанға таянғаннан кейін өзі алға қарай атпен шауып кетті. Шамасы бұл екі орта үш шақырымдай, ал той болатын жерге дейін төртеу, бесеу болатын шығар. Міне, Кененбай тоғанының үстінен өтіп келе жатырмыз. Тоғанның жанқұлақ жағында үй, қора бар. Басы толған адам. Аспанға тік көтерілген көк түтін. Тақап келгенімізде, қайнап жатқан қазандар көрдік. Қолдарына бір-бір ағаш іскек ұстаған адамдар ет аударып, кейбіреулері көбігін алып жатыр. Күн шайдай ашық. Тура кешегідей. Тамылжып тұр. Түске қарай ас-су ішіліп болды да, түстен кейін нағыз той, ойын-сауық басталды. Көгалды ойпаң жерде палуан күрес болып жатыр. Оған мені апам жібермеді, адасып кетесің деп. Ал өздерінің ыдыс-аяқ жуып, қазан-ошақ жинаудан қолдары босамай жатыр. Біраз уақыттан кейін тойшылар берірек жақындап, жазыққа шықты. Шешелеріміздің қолдары босады ма, әйтеуір, біз де сол жерге бардық. Менің басқаларынан бұрын есімде қалғаны нағыз тойдың осы жері болды. Екіге жарылып, жиналып тұрған көпшілік. Анау жақтан атқа мінген адам (белгіленген жері бар шығар) шауып келіп ортада үюлі тұрған тақиядай топырақтың арасында тығулы жатқан тиынды алуы керек екен. Оны «көмбе», не «жерден теңге алу» деп айтады екен. Сонымен (әлі есімде) торы атқа мінген бір адам шауып келеді де жаңағы жерге жеткенде еңкейіп қолымен топырақты тырнай бергенде атынан дүңк етіп құлап түседі де, үсті-басын қағып бірдеңелерді айтып міңгірлеп, қайтадан атына мініп тағы манағы бастапқы жеріне барады. Ана жерге барғанда қалтасыңдағы ақ құтысын алады да, оның ішінен бірдеңені ішіп тағы да манағындай жасады. Тағы да құлап түседі. Аты үйретілген бе, анау құлап қалғанда қашпайды. Ол түрегеліп мінгенше бір орында иесін күтіп тұрады. Міне, нағыз қызық осы. Басындағы келісім үшке дейінгі кезек сияқты. Тағы мазағындай, тағы ақ құтыдан ат үстінде тұрып басына көтеріп бірдеңе ішіп жатыр. Оның да кеудесі сап-сары ала орден-медальдар. Түрі қазаққа ұқсамайды. Есімде жоқ, анау жердегі тиынды алды ма, алмады ма. Кешке қарай айқай-шу бәсеңсіп, той да аяқталды. Жұрт тарқай бастады. Шешелеріміз қайтадан манағы жұмыс істеген қазан-ошақ маңайларына келіп, өздерінің үйіне деген буыншақ-түйіншектерін алып жатқанда, бір әйел «Ойбай, қоя тұрыңдар басқарма келе жатыр» деп қалды. Басқарма тақап келіп «Осында, Алтын барма?» cұрады. Апам істеп жатқан шаруасын тастап орнынан түрегелді. «Сен анау ет жасап берген адамдарға баршы. Оларға мана айтылған. Анау үйіңдегі Құлахметтің шешесіне, шешемізге арнап сыбаға қалдырыңдар деп едім, соны барып алшы» деді де ізінше кейін кетіп қалды. Апам екеуіміз ет жасаушыларға бардық. Кеш болып бара жатыр. Сауыншылар анда-мұнда жүгіріп, нәрселерін жинап болғасын ауылға қайттық. Апам мен Айымторы екеуі әңгемелесіп келе жатыр. Анда-санда еститінім «анау байғұс енем (әжемді апам ене дейтұғын) кешегі апарған шайды ішпей жылап жатып қалып еді. Енді соны үйдегі қалған балалармен бірге ішті ме екен, әлде тағы да жылап отыр ма екен? Енді мына тамақты қазір екеулеп апарып беріп, сорлы байғұсты тамақтандырайықшы. Сен бірдеңелер айтып, тоқтау айтып жұбатшы» дейді. Айымторының күйеуі ферманың сиырын бағатын Ақпанбеттің Асқары деген кісі. Оның үлкен қызы Қарсақбайда тұратын Сейілдің Тайманы деген ағайымызға тұрмысқа шыққан. Осы үйдің (жасы бізден үлкен) Мыржы деген жалғыз баласы солардың үйінде жатып мектепте оқитын. Ол да жазғы демалыста үйінде болады. Бір қызық, тұйық адам. Ешкіммен қатыспайды, бала құсап ешкіммен ойнай қоймайтын да. Одан кейін бізден кіші Әшік (шын аты Сәрсенкүл) деген қызы бар, бәріміз бірге ойнап, бірге өскенбіз. Міне, осындай аралас-құралас, құдандалы-жегжаттығымыз бар болатын. Сол жағынан ба, Айымторы әжеммен қалжыңдасып ойнай беретін. Қолына әлдеқалай шәй, қант түсе қалса, бәрі бірігіп, оның ішінде анда-санда біздің үйге әжемнің жанына жиналып шай ішетін-ді. Ол кісі әжемді «тұмсық»деп атайтын-ды. Жасы үлкейіп, еті қашып жүдегесің бе, әнем мұрынды (бірақ өзіне жарасатын) кісі болатын-ды. Міне, ауылға да, үйге де жеттік. Үйге бізбен бірге Айымторы да қоса кірді. Кіріп болысымен-ақ әжем кешегідей сұрақтың астына алып жатыр. Біз тағы да үрпиісіп қорқып отырмыз, әжем тағы да жылай ма деп. Айымторы кішкене отырғасын «Әй, Тұмсық, сүйінші жаңа ауданнан көп адамдар келіп, тойдың алдында үлкен жиналыс өткізді. Сол жиналыста сенің екі балаңның да аттары аталды. Олар мына жиын, мына той соғыстан қайта оралмағандарға арналып беріліп жатқан ас ретінде, ал аман-есен елге оралғандарға той ретінде ұйымдастырылған шара дейді» деп бір тоқтады. Сол жиналыста майданда болғандардың аттарын атап, жаралы болып келгендердің де, соғыста қаза болғандардың да, есімін қалдырмай барлығын тізімдеп оқып шығыпты. Сол уақытта біреулері қуанса, ал біреулері жылап-сықтап жатса керек. Соның ішінде ағайынды Құлахмет пен Бектайдың да аттары аталып өтіпті. Міне, Айымторы әжеме осыны айтып көңілдендіріп, бір жағынан жұбатып отыр. «Ал, мынаны колхоздың басқармасы саған арнап Құлахметтің шешесіне бөлек қойылған сыбаға деп берді. Мә, мынау науат» деп жұдырықтай төрт бұрышты сарғыш жылтыр нәрсені менің қолыма ұстатты. Әжем «жарайды, елегендеріне рахмет. Әйтеуір көпшілік алдында қос ботамның аттары аталса, ол да дұрыс болған екен. Қайтейін, қолымнан не келеді, жылағанмен» — деп еттен шұқып бір-екі рет ауыз тиді. Кейін сұрап білгенімде, сол тойдағы жерден тиын аламын деп қайта-қайта аттан құлап жүрген адам Жұмаділда екен. Ал, Жұмаділда кім? Ол – көрші Қазақстан ұжымшарының, Қорғантас деген жерінің тумасы, руы Байназар. Ол да соғысқа қатысып, атты әскер құрамында болған сарбаз. Оның кеудесіндегі орден-медальдар соның белгісі. Ал, түсін көрсең қазаққа ұқсамайды, ірі денелі, орыстарға ұқсаған сары, көк көзді, үлкен жирен мұрты бар, танауына жұдырығың сиып кететіндей жалпақ мұрын. Үстіндегі киімі сол әскерден киіп келген галифе шалбар, сары топырақ түстес костюмі бар. Ал анау ат үстінде әлсін-әлсін ұрттап тұрған ақ құтысының ішіндегі арақ көрінеді. Кейіннен ауылда бірге болдық. «Ал енді аттан неге құлай бердің, сол жердегі, көмбедегі тиынды алдың ба? Соның сыйлығына бір ісек алғаным жоқ па. Ал анау аттан құлап жүргенім, сондағы толып жатқан жесір әйелдерге көрсетіп жүрген қырым емес пе? Солай келіп қойныма құласа ғой демей ме? Және өзім орысшалап сыбап та аламын. Міне, олар сосын маған қызықпай ма?» дейді. Есейгенде көріп-білгеніміз, өзі бір қызық адам. Айтқан әңгімесі мен сөздері немістің пештің түбінде отырып алып, әңгіме жазғыш Мюнхаузеннен айнымайды. Ал істерінің барлығы бір шайқы адамның істері сияқты. Бірақ та өз ісіне мығым да, адал. Сол тойда нанға тойғаным-ай. Одан кейін кейін осы уақытқа дейін ондай нанға тойған емеспін. Ондай сүйсініп нан жеген жоқпын десем де болады. Сол нанның дәмі күні осы уақытқа дейін әлі таңдайымнан кетпейді. Ол уақытта нан тапшы, жоқшылықтың салдары ғой деп біреулер ойлайтын шығар. Бірақ мен оған келіспеймін. Нан ол уақытта қолдан дайындалады. Былайша айтқанда, бәрі көз алдыңда. Міне, нанның тәттілігінің себебі осында деп ойлаймын. Бидай сол тоғанның алқымындағы егінжайда өседі. Ақ бидайды қол диірменмен тартып ұн жасайды. Демек,диірменнің тасының да құдіреті бар. Нанды ашытқанда қазіргідей дрожжи арқылы ашытпайды. Қолдан жасалған ашытқымен ашытылады. Пісіретін майы қолдың майы. Тұзы сол жерден он сегіз шақырым «Қосшоқы», «Ағатай» деген жерден алынған тұз. Суы Ұлытаудың Едіге тауынан бастау алатын таза су. Нанды пісіру технологиясы да өзгеше. Отыны табиғи. Ыдысы қара қазан. Менің ойлайтыным нанның тәтті болуының себебі, оны пісіретін адамдардың адамдарға деген ықыласының, махаббатының мөлдір болуынан ба деп. Осы айтылған жайлар менің балалық шағымның бір үзік көріністері. Ол да тарих. Сол тарихты кейінгі ұрпақ біле берсе деп ойладым.

Қадыр ҚҰЛАХМЕТОВ,
еңбек ардагері.