ЖЕЗДІ – ЖЕҢІС ДӘНЕКЕРІ
Жезді кен басқармасының алғашқы құрылысшыларының есімдері жазылған үлкен Құрмет кітап Музей қорына 2000- шы жылдары тапсырылды. Кітапта 1942 жылдан бастап кеніште еңбек еткен 183 озат еңбеккер есімі жазылған. Алғашқылар легінде келген еңбек армиясы жұмысшылары, көптеген өзге ұлт өкілдерінің есімдері, кенішке жұмысқа тұрған алғашқы жезділіктердің аты сақталған кітап. 1942 жылдан бастап кеніште еңбек еткен алғашқы жезділік кеншілер Жаналинов Қали, Шорманов Көпжасар, Аймағанбетов Түсіпәлі, Молдабеков Дәуімбай аталарымыздың есімдері де озаттар қатарында жазылған. Ағайынды үш азамат, тегі Кадиевтер – шешен ұлтынан болса керек.
Жезді кеніші еңбеккерлері – тау-кен шеберлері, бұрғылаушылар, шахтада кен аршу жұмысын атқарған – проходчиктер, лопаточниктер – күрекпен кен тиеушілер, крепильщик – жер асты тіреулерін орнатушы, электровоз машинисі, темір ұсталары мен лебедкашылар, слесарьлар мен ағаш ұстасы, су тасушы, электр станциясының дизель машинисі, транспорт цехының машинисі, плотниктер. Әр түрлі мамандық иелері соғыс жылдарында марганец кенішінің цехтары мен қатар жұмысшы поселкесінің құрылысында еңбек еткендер есімдері. Откатчица — кен тиелетін вагондарды рельс бойымен қозғалуын бақылаушы тау-кен жұмыскерлері. Бұл мамандық иелері негізінен әйелдер болған. Қауіпті де қиын, әрі ауыр тау-кен мамандықтарын игерген кеніштің алғашқы жұмысшылары әрдайым үздік көрсеткіштерге қол жеткізіп отырды.
Алғашқы құрмет кітабында жазылған есімдер ішінде кеңсе қызметкерлері де бар. Солардың бірі кен басқармасының есепші бухгалтері Ғабдулла Байтышқанов. Ұлытаудың тумасы, Қарсақбайда ФЗО-да оқып, кеңсе қызметкері мамандығын алған. Алматының есеп экономика техникумында оқыған. Ұлы Отан соғысына қатысушы. 1946 ж. мамырда майданнан оралған соң Жезді кенішінде еңбек етті. Кейін «Жезқазған түстіметалл» тресінің темір жол цехында жұмыс істеген. Бұл деректер журналист, публицист жазушы В.Могильницкийдің «Медь Жезказгана» еңбегінде айтылады. Бастысы, Ғабдулла Байтышқанов Баубек Бұлқышевтың досы болған. Жерлесі әрі әріптесі. Қарсақбайда ФЗО-да Баубек, Мұқан Иманжанов үшеуі бірге оқып, жатақханада бір бөлмеде тұрып, суық түндерде бүрсеңдеп, бір көрпенің астында түнеген. Ғабдулла Байтышқанов Қарсақбайда Баубек Бұлқышев сияқты кеңсе қызметкері мамандығын алды және Алматының есеп техникумында да екеуі бірге оқыды. Баубектің майданнан жазған хаттары Ғабдуллаға әсер еткені сонша, майданнан броньмен алып қалған маман соғысқа өзі сұранады. Майдан жолдары оны Баубек досынан айырды. Жеңіспен оралып досымен кездесуге сенген Ғ.Байтышқанов, 1946 ж. Москвада шыққан «Жизнь солдата» атты жинаққа енген досының әңгімелерін оқығанда ғана Б.Бұлқышев 1944 ж. Днепропетровск маңында қаза болғанын білген. Досының қаза болғанына қатты күйзеледі. «Баубек менің туғанымдай болды. Жерлеспіз, Қарсақбайда, Алматы техникумында бірге оқыдық. Оның ақындығы, жазушылық шеберлігі, кенші мамандығы мен жұмысшы жайлы жазғандары бәрі де шынайы, себебі ол өзі сол жолдан өтті», – деп еске алған. Жеңіске үлес қосқан қаһарман өндірісте еңбек еткен Баубек Бұлқышевтың досы, курстасы болған Байтышқановтың есімі жазылған бұл кітаптың құндылығы да арта түскендей. Қаһарман өндіріс еңбеккерлері, жерлестеріміздің есімі сақталған құнды дереккөз болып табылатын Құрмет кітабын Жезді музейінің тақырыптық көрмесіне қойылды. Жеңіс дәнекері болған марганец үшін күрескен еңбек батырлары жайлы деректерді музейге келіп көруге болады.
Зейпін ҚАЗАНБАЕВА,
М.Төрегелдин атындағы тау-кен және балқыту ісі тарихы музейінің басшысы.