ӨРШІЛ РУХТЫ ТАУ ҰЛЫ
Қан майданда қарумен де, қаламымен де халқын қорғап, елінің рухын өсірген аға лейтенант Баубек Бұлқышев еді. Оның өмір белестеріне шығам деген талпынысы, Отан сүйгіштігі, нағыз батырға тән қасиет. Әттең, амал не? Ғұмыры келте болды. Жалын ғұмыр жұлдыздай жарқ етіп, жылдам сөнді. Небәрі 28 жасында Ұлы Отан соғысында опат болды. Адамға бұл жас қамшының сабындай ғана шолақ сәт екені рас. Егер де бұл жастан да ұзақ өмір сүргенде, халқына бұдан да көп рухани мұра қалдырып, кетер ме еді, кім білсін?!
Баубек Бұлқышев 1916 жылы Едіге тауының батыс жақ күнгей беткейіндегі Бұлқыш көңінде дүниеге келген. Балалық шақтың балғын бесігінен енді аттаған шағында әуелі шешеден, артынша әкеден айырылып, қайғы-қасірет шегеді. Ата-анасы дүние салғаннан кейін Сейітжан туысының тәрбиесінде болады. Алғашқыда ауыл мектебінде білім алады. Сол кездің өзінде-ақ Баубек тектілік пен іріліктің нышанын ерте байқатса керек. Білім алсам, оқысам деген ойдың жетегінде жүреді. Жастайынан өте зерек, өжет болып өседі. Бойындағы сол қасиетті аңғарған Сейітжан ағасы 1932 жылы Баубекті Қарсақбай зауытындағы ФЗУ мектебіне қабылдаттырады. Оны бітіргеннен кейін Ұлытау ұжымшарында әртүрлі қызметтер атқарады.
1935 жылы жаз айының ортасында оқу іздеп, Баубек Алматыға келеді. Мұндағы мақсаты – қайткенде, жоғары оқу орнына түсу еді. Бірақ, бұл ойы орындалмай тауы шағылады. Жоғарғы сыныптық тиісті білімі болмағандықтан, қалаған мамандығына қабылдана алмайды. Амалдың жоқтығынан, Баубек техникумдардың бірін таңдауына тура келеді. Ойлана келе, есеп-экономика техникумына оқуға түседі. Алғашқы курсын өте жақсы оқиды. Бірақ, кейіннен осы мамандықты көңілі қаламағандықтан ба, екінші курста өзі өтініш жазып, техникумды аяқтамай кетеді. Сол кезде-ақ, оның бар арманы жазушы болу еді. Кейіннен аз да болса, сол арманы орындалған сияқты. Әбу Сәрсенбаевтың көмегімен Жазушылар Одағы жанынан ашылған жас ақын-жазушылардың екі айлық курсын, содан кейін оқып шығады. Курсты бітірісімен «Лениншіл жас», (қазіргі «Жас Алаш») газетінің әдеби қызметкері болып тағайындалады. Бұл – 1938 жыл болатын. Сол жылы көптеген мақалалар, өлең-әңгімелер туғызады. «Балалық шақ» поэмасы, «Ауылдан Алматыға» әңгімесі сонда жазылған.
Енді қаламы ұштала бастаған тұста, Баубек Отан алдындағы азаматтық борышын өтеу үшін әскер қатарына шақырылады. 1940-1941 жылдары Мәскеудегі саперлер дайындайтын училищеде оқиды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде Мәскеуде жасақталған 894-атқыштар дивизиясы құрамында 22-жеңіл инженерлік батальонымен майданға аттанады. Алғашқы күндерде-ақ, Мәскеуді қорғау, Украинаны азат ету соғысына қатысады. Осы аласапыран соғысты көзімен көргендігі публицистикалық мақалаларында айқын аңғарылады.
Кеудесін кек кернеген Баубек үнемі алға ұмтылумен болады. Соғыста да жігерін жасытпайды, қайраттанып, қайта жігерін жани түседі. Бұған Отанды қандыбалақ жаудан қорғауға үндейтін отты сөздері айғақ. Сол кездің өзінде еліміздің отаншыл жастары Баубекті өздерінің жаршысы деп таныды. Сондағы жазылған публицистикалық мақалалары сол заманның желбіреген туына айналуы оның жалынды сөздерінің нәтижесі. Осынысымен публицистикасы Кеңес Одағының алып кеңестігіне үлкен резонанс тудырды.
Бұл туралы Мұқан Иманжанов өз естелігінде Баубек хаттарынан үзінді келтіреді. Бірінші жариялаған «Өмір мен өлім» туралы әңгімесінде Мұқанға Баубек өзі былай деп жазады: «Комсомольская правда» арқылы патриоттардан статья жөнінде көп хат алдым. Әсіресе Украина мен Белоруссияның қыздары көп хат жазды. Редакцияда құттықтап, материал сұрап, төрт-бес рет хат жазған болатын. Менің бұл кішкентай статьям жастардың жүрегіне қобыз ойнатса керек», – делінген. Ал, 1943 жылы 22 наурызда жазылған хатында: «Мені хат басып кетті… Кеңес Одағының бұрыш-бұрышынан келеді» деп қысқа қайырыпты.
Негізінде Баубек Бұлқышевтың шығармаларынан айқын аңғарылатын жайттардың бірі – өмірге деген құштарлық деуге әбден болады. Мұны әдебиетші Р.Ыдырысов өз жазбаларында атап көрсеткен: «Баубек өмірі – біздің аға буынның, аға ұрпақтың өмірі, бізге сәулетті өмір, бақытты дәуір орнатып берген күрескер әкелеріміздің Павел Коршагиндер өмірінің жалғасы. Коршагин және оның қаруластары әлемде жаңа дүние орнату үшін күрессе, олардың ізбасар інілері Матросов пен Тоқтаров, Бұлқышевтар Коршагиндердің қантөгіс күреспен алып берген жарық күнін, бақыт дүниесін қара түннен, фашистік түнектен сақтап қалу үшін күресті» деп жазады.
Тізе берсек, Баубек туралы естеліктер жетерлік. Соның ең бір маңыздысы Аманкелді орта мектебінің мұражайында бүгінгі күнге дейін сақталып келе жатқан Камал Смайыловтың анасы Бибігүл Смайылованың естелігі. Бұл естелікке түсінік берген Ермағанбет Баймағанбетов 1989 жылы жазып алса керек. Естелікте Баубекті алғаш көрген кезінен бастап баяндайды. Енді соған тоқталып көрелік. Онда былай делінген: «Баубекті мен алғаш көргенімде 8-9 жасар бала еді. Әкесі бір-екі қарасы бар кедей адам болатын. Сондықтан да болар, Баубек жас кезінен біздің үйде жиі болды. Қорғантастағы мектепте екі жылдай оқыды. Ол көбінесе үлкендермен бірге жүріп, солармен жұмыс істегенді қалайтын. Бірде Баубек маған тымақ керек деп мазамды ала берген соң, теріден үлкен адамның тымағын тігіп бердім. Тымақты киіп алып, ол мен тоңбаймын, енді тымағым бар, үлкендермен бірге аң аулауға барамын деп мазаны алатын еді. Әрине, ол кезде тым жастау болатын. Бірақ Баубек бала кезінен пысық, әр нәрсеге ыңғайлы еді. Және күлдіргі сөзге де үйірлеу, тілді еді. Сабақта да қатарларының алды болды. 1932 жылы әке-шешесі қатар қайтыс болып, ол Қарсақбайға кетті. Сонда ФЗУ-да оқыды. 1934 жылы Баубек біздің үйге келді. Ол кезде біз Ұлытау подхозында тұрушы едік. Осында аз уақыт жұмыс істеді. Арбамен малшыларға керек-жарақ, азық-түлік тасыды. 1935 жылы Алматыға оқуға кетті. Қолымдағы бар ақшамды беріп, Баубекті шығарып салдым. Содан елге 1937 жылдың жазында бір келді де, одан кейін қайтып келген жоқ.
Әскерде жүргенде, соғыс басталғаннан кейін бір хат келгені есімде. Онда: «Өзім сұранып, майданға аттанбақпын. Мен қатарымнан кем қалғым келмейді» деп жазыпты. Ал, екінші бір хатында: Ленинградқа қарай соғысқа бара жатырмыз. Біз жеңеміз!» деп жазыпты. Одан кейін Баубектен хабар болмады, бұл соңғы хаты еді» деп сөзін аяқтапты Камалдың анасы.
Бала жасынан топтың алдын бастайтын Баубек сұрапыл соғыста да алдыңғы қатардан көрінеді. Соғыс өнерінің қыр-сырын жетік білгендіктен әуелі Мәскеудегі 22-жеңіл инженерлік батальонында, 1942 жылы батыс майдандағы 21-дербес сапер ротасында саяси жетекшісінің орынбасары болады. Сол жылдың сәуір-тамыз айларында 303-армияның инженерлік батальонына жауапты хатшы болып тағайындалады. 1943-44 жылдарда 894 атқыштар дивизиясының 810 атқыштар полкі саперлер взводының командирлігіне көтеріледі. Көз көргендердің Баубекті өте зерек, талантты, арманы асқақ азамат болды дегені шындыққа жанасатын секілді. Шынында да ол халықтың адал ұлы бола білді, артында өлмейтін өнеге, өшпейтін ерлік қалдырды. Небәрі 28 жасында өршіл рухты ержүрек жауынгер Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты. Отан үшін шайқасқан ер Баубектің мүрдесі Украина жерінде Днепропетровск облысы Софиев ауданы Ново-Юльевка селосының маңындағы «Бауырластар зиратына» жерленіпті. Кейіннен 1988 жылы Украинаға Жезқазған-Ұлытау өңірінен арнайы делегация барып, Баубек жерленген жерді көріп қайтты. Сол жолы Ұлытаудан барған делегация Баубектің қабірінің басынан бір уыс топырақты Сарлық ауылына жеткізіп, Аманкелді орта мектебінің мұражайына тапсырады. Бұл да бір Баубектің рухына көрсетілген тағзым.
Заман көші ілгері жылжыған сайын Баубектің Ұлы Отан соғысы жылдарында атой салған ұранды дабылы, сол тұстағы отты публицистикасы, жалынды жырлары, сағынышты хаттары мәнін жоймай, күннен-күнге құнды болып келеді. Оның басты себебі, Баубек шығармаларында отаншылдық пен өрліктің терең үлгісі жатыр.
Шын мәнінде, Баубек ержүрек жауынгер ғана емес, от ішінде найзағай намысты семсер сөзбен лапылдатып елге танылған отты, рухты көсемсөз шебері, соғыс жылдарында батылдығымен өшпес ерлік көрсеткен тау ұлы!
Қайрат ЖҰМАБАЙ.