Әкім ардагерлермен кездесті

Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру, қоғам мен мемлекет арасындағы өзара байланысты қамтамасыз ету мақсатында аудан əкімі Аманжол МЫРЗАБЕКОВ ардагерлер қауымымен кездесті. Кездесуге аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік ТƏШЕНОВ, мекеме басшылары, Жезді жəне Қарсақбай кентінің əкімдері, ардагерлер кеңесінің төрағалары мен жергілікті қауымдастық төрағалары қатысты. Қалған кент-ауыл əкімдері мен ауыл ардагерлері ЗУМ платформасы арқылы қатысып отырды.

Кездесуде аудан əкімінің орынбасары Алмаз Қайырбек аудан көлемінде атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды жайында жиналғандарға ақпарат берді. Оның айтуынша, аудан көлемінде былтырғы жылы ауқымды жұмыстар жүргізілген. Аудан орталығында бассейн құрылысының жеңімпазы анықталып, құрылыс жұмыстары биыл басталады. Көп қабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға беру жұмыстарының құжаттары рəсімделуде.
Сондай-ақ, орталық аурухана, кент-ауылдық аймақтардағы медициналық пункттер, Сарысу мен Аманкелді ауылдарының кіреберіс автокөлік жолдары, Жезді кентіндегі спорт ғимаратының құрылысы аяқталып, биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Оның сыртында биылғы жоспарға сəйкес Қоскөл мен Терісаққан ауылдарында жабық спорт кешені, басқа ауылдық округтерде балалар футбол алаңы мен ойын алаңдары салынады.
Кездесу барысында ардагерлер ел аузында жүрген көкейтесті мəселелерді көтеріп, аудан əкімінің назарына ұсынды. Алғашқы болып сөз алған Жезді кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Рахымбеков, Ұлытау ауылының ардагері Қуаныш Мұхамбетов, Қарсақбай кентінің ардагері Əзімбай Алишев үй кезегінде тұрған азаматтардың болуына байланысты тұрғын үй салу жөнінде ұсыныстарын жеткізді. Аудан əкімі жалпы тұрғын үй саласында соңғы екі жылда ауқымды жұмыстар атқарылғанын жəне ардагерлердің ұсыныстарын басшылыққа алып, заң аясында бюджеттің жағдайына қарай тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтты.
Ардагерлер тарапынан су құбырларын жөндеу, жанар-жағар май бекетін салу, электр желілерін жаңарту сынды мəселелер де көтеріліп, аудан басшысы тарапынан нақты жауаптар берілді. Кездесуді қорытындылай келе аудан басшысы Аманжол Батырбекұлы кент, ауыл əкімдеріне ардагерлермен осындай ашық кездесу ұйымдастырып, бірлесіп жұмыс жүргізуді тапсырды. Ардагерлер де өз кезегінде ашық деңгейде өткізілген кездесуге ризашылықтарын білдіріп, алдағы жоспарларға сəттілік тіледі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.