Еңбегімен елеулі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ «Əділетті Қазақстан: заң мен тəртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында қоғамдағы еңбекқор жəне нағыз маман идеясын насихаттау мақсатында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялаған болатын. Бұл бастама елдегі жұмысшы мамандықтардың беделін арттырып, еңбек адамдарының жеткен жетістіктерін жан-жақты бағалауға бағытталған. Əрі еңбек адамдарына деген құрметтің белгісі.
Бүгінгі күні жұмысшы кəсіптерінің мəртебесін көтеріп, еңбек адамдарының қадірін арттыру, елімізде алдыңғы орында тұрғаны белгілі. Осы орайда, ерен еңбегімен үлгі көрсеткен аға ұрпақ пен қазіргі кездегі көзге түсіп жүрген жастардың табыстарын халық арасында насихаттап, қалың бұқараға жеткізу – заман талабы. Əсіресе, дала еңбеккерлерінің еңбегін елеп, оларға құрметпен қарау елдік мəселе. Өйткені, биылғы жыл еңбекқор жандардың кəсібін қоғамдағы рөлін бағалайтын ерекше жыл. «Бəсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, алдымен адал еңбекті бағалаған абзал» деді Президент Жолдауында.
Қарап отырсақ, жұмысшы мамандықтары – шеберлік пен шығармашылықты талап ететін ел экономикасының тірегі саналатын маңызды салалардың біріне айналды. Осы салада адал əрі табанды еңбегімен жетістікке жеткен кəсіп иелері Ұлытау ауданында да бар. Солардың бірі есімі елге таныс еңбекқор азамат Ерсін Нысанбаев.
Ол 1996 жылы Ұлытау селосында дүниеге келген. №1 Ұлытау тірек мектебінің түлегі. Бала жасынан техникаға əуес жан. Бесаспап жігіт. Былтырғы жылы өз қаражатына жүк тиегіш көлігін сатып алды. Сонымен аудан орталығындағы қар басқан баспаналардың айналасын қардан аршып, ауыл тұрғындарының алғысына бөленуде. Бұл оның өз кəсібіне аса жауапкершілікпен қарағанының арқасы. Əрдайым жүк тиегіш көлігі де сақадай сай тұрады. Онысы Ерсіннің техника тілін жетік білгендігінен болар. Сақылдаған сары аязға да қарамастан тұрғындар тарапынан тапсырыс түсіп жатса, техникасын тез оталдырып, шақырған жерге уақытылы жетуге тырысады. Қашан көрсек те жұрт көңілінен шығып, ел алдында абыройға бөленіп жүргені. Үнемі ол еңбегімен елді сүйсіндіретін азамат. Өте елгезек жігіт. Құрғақ уəде, бос сөзден аулақ. Сөзге сараң, іске мығым. Халқымызда «Жұмысшы көзін тапқан – байлықтың өзін табады» дегендей, адал еңбегімен нəпақасын тауып жүрген жастардың бірі. Нағыз еңбек адамы. Ауылдың күйбең тірлігіне əбден төселген жан.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.