4 жағдай тіркелді
«Өткен аптада Ұлытау ауданында 4 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны (Ұлытау ауылы – 2, Жезді кенті – 1, Қарсақбай кенті – 1) анықталды. Олардың екеуі – зейнеткер, екеуі – жүкті келіншектер. Науқастар бүгінгі күні инфекциялық ауруханаға жатқызылды»,- дейді аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ерлан ТАНАБАЕВ.
– Қазір ауданымызда науқастың таралуына жол бермеу шаралары жүріп жатыр. Осы мақсатта инфекция жұқтырған адамдармен тығыз қарым-қатынаста болған 21 адамды тексеруге алып, бақылауға қойдық, – деді ауданның бас санитар дәрігері бізбен әңгіме барысында.
Маман өңірімізде аяғы ауыр әйелдердің инфекция жұқтыруы жиілей бастағанына алаңдаушылық білдірді. Бір аптада осындай екі нәзікжандының қауіпті індеттің ілмегіне ілінуі жақсы емес екенін қынжыла отырып айтты. Осыған орай, ауданның бас санитар дәрігері жүкті келіншектерге сақтық шараларын қатаң сақтауды ескертеді.
«Мен ең алдымен осы мәселеге өңір аумағындағы қыз-келіншектердің, аналардың, әсіресе, аяғы ауыр нәзікжандылардың назарын аударғым келеді. Олар санитарлық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан ұсынылған нұсқаулықты, ережені мүлтіксіз сақтаса екен деген өтінішім әрі талабым бар. Бетперде тағып жүруі керек, көпшілік жерде әлеуметтік арақашықтықты сақтап, қолдарын жиі жуып, арнайы ерітіндімен залалсыздандырып отыруы – басты шарттылық. Жиындарға, қатысушылар саны көп шараларға бармағандары жөн. Қонақ шақыруды тежеп, өздері де қонаққа бармауы тиіс. Өте қажеттілік болмаса, тіпті, дүкенге де бармағаны ләзім. Абзалы – сыртқа шықпау. Себебі, коронавирус инфекциясы ересек адамның өзіне ғана емес, құрсақтағы балаға да аса қауіпті. Басқаларына қарағанда, жүкті әйелдерді COVID-19 дертінен емдеу – өте қиын. Сондықтан, қажетті талапқа көндігіп, өздерінің денсаулықтарымен бірге өмірге келетін нәрестенің болашағын ойлауы – аналық парызы, – дейді Ерлан Танабаев.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ