Заманға сай мемлекеттік басқару – бүгінгі күннің қажеттілігі
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңыздылығын айқын көрсетті.
Ол жастарды ел дамуының қозғаушы күші ретінде қарастырып, оларды билікке тарту қажеттігін ерекше атап өтті. Бұл бастама жастардың қоғамдағы рөлін күшейтіп, олардың тың идеялары мен креативті ойларын іске асыруға мол мүмкіндік береді.
Жолдауда айтылғандай, шенеуніктердің жұмысы енді нақты нәтижелерге негізделген балдық жүйемен бағаланады. Бұл әдіс тиімділікті арттырып қана қоймай, ел басқару жүйесіне жауапкершілік пен әділдікті енгізуге мүмкіндік береді. Өзіне жүктелген міндеттерді сапалы орындаған белсенді қызметкерлердің жалақысы көтеріледі, ал міндеттерін тиісті деңгейде атқармағандар қызметтерінен босатылады. Бұл жүйе жастарға ел алдында тұрған мәселелерді шешуге белсене араласуға жол ашады.
Жолдаудың тағы бір маңызды тұсы – ол жастардың бойында азаматтық позицияны қалыптастырып, патриоттық сезімді оятуға ерекше серпін берді. Мемлекет басшысы жастарды қоғамға бейімдеп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосуға шақырды. Бұл олардың Отан алдындағы жауапкершілігін арттырып, елдің жарқын болашағы үшін белсенді азамат болуына ықпал етеді. Жолдау Қазақстанның «Мәңгілік ел» болу жолындағы сенім мен тұрақтылықтың символына айналды.
Гүлбану СҮЛЕЙМЕНОВА,
Қаракеңгір ауылының тұрғыны.