Жол мен байланыс сақадай сай

Соңғы екі жыл аманкелділіктер үшін қуанышты жыл болды. Аудан орталығымен екі ортадағы жолдары асфальтталып, ауылдықтар қанаттас жатқан қос қалаға дейін қиналмай жететін болды. Ендігі мақсат, сол жолды күтіп ұстау. Ауылдықтар бұған үлкен мән беруде.

– «Жолдың жайын жүрген біледі» деген бар ел ішінде. Аудан орталығынан онша қашықта жатпасақ та бұрынғы жолдың ауырлығынан жұртшылық көп азап шегіп жүретін еді. Өткен жылы ауыл іргесіне дейінгі жол асфальтталды. Тарихи орындарға келушілерге арналған бұл жеңілдіктің рақатын осылайша ауыл тұрғындары да көріп жатыр. Негізі, жол «Хан Ордасына» дейін ғана асфальтталған. Ол біздің ауылға 10 шақырымдай жетпей бітеді. Келер жылы сол он шақырымды да асфальттауға жұмыс жасап жатырмыз. Оған 444 миллион теңгедей қаражат керек. Ол да шешілетін сияқты. Бәрі сәтімен болса, ауыл мен ауданның арасында көлік кідіріссіз ағылатын болады.

Ал енді, елдің қыста да қиындықсыз қатынауы үшін жеке кәсіпкер Өмірсерік Сағымбаев барлық мүмкіндіктерді жасап жатыр. Қазір ол жолдың жиегіндегі шөптерді қырып, айнадай етіп қойды. Бұл, қыстың боранында жолды қар баспауы үшін жасалынған шара. Ал, жылда қар ұстайтын жол иіндерін тазалап тұруға техникасын да сайлап, майлап қойған, – дейді әкім, кәсіпкер жігітке ризашылығын білдіріп.

Ауылдықтарды қуанышқа бөлеген екінші бір ілкімді іс – байланыстың орнауы. Ауыл әкімінің айтуынша, бүгінде ауылда «Wai-fai» желісі тұрақты жұмыс істеп тұр. Ауыл тұрғындары кеңжолақты интернеттің қызығын көріп, әлеуметтік желінің әлеуетін сезінуде.

Сондай-ақ, ауылда «Қазақтелекомның» байланысы да үзіліссіз жұмыс істеуде. Бүгінгі күні ауылдың 59 үйінде телефон орнатылған. Тіпті, мектептің жылу қазандығында да телефон бар екен.

– Орайы келгенде айта кетейін, ауылда жарық мәселесі де оңынан шешіліп жатыр. Бұрынғы қауіпті деген бағандар алмастырылып, жаңа бағандар, заманауй жарық шамдар қойылды. Ауыл көшелерінің қысқы түні қаладағыдай жарқырап тұратын болады, – дейді округ әкімі ауылдың қысқа әзірлігін түйіндей келіп.

Әкіммен болған әңгімеден біз Батыр атындағы ауылдың алдағы сынға шын мәнінде сақадай сай әзір тұрғанын ұққандай болдық. Тек, Алла төтеннен келер пәлесінен сақтасын дейміз.