«Ауылымды сағындым»

Егінді ауылында өткен «Көрісу күні» осылай аталды. Бұл күні туған ауылдарынан жырақта жүрген егінділіктер өз ауылдарына деген сағыныштарын әуезді ән, күмбірлеген күй һәм жүректі жарып шыққан жырларымен жеткізді. Нақтылай түссек, бұл күні кең сипатты онлайн концерт ұйымдастырылды.

– Біз өзге өңірлерде жүрген азаматтардың туған-туысқандарымен, жерлестерімен қауышуына жағдай жасап, онлайн концерт ұйымдастыруды шештік. Мұны жергілікті тұрғындар да, жырақта жүрген жерлестеріміз де жылы қабылдады. Сол күні әлеуметтік желіде ескен ән күн бойы толастаған жоқ деуге болады. Өйткені біз жерлестеріміздің сәлемін «Егінді ауылының тұрғындары» тобына жолдадық. Әлеуметтік желінің әлеуеті белгілі, концерттік қойылым жылдам тарады, – дейді Егінді ауылдық клубының меңгерушісі Гаухартас Жүнісова.

Қазіргі жағдайда бір-бірімен жүздесу сиреген қауым өзара осылайша қауышты. Қысқасы, «Көрісу күні» жаңа форматта өтіп, жұртшылықтың көңілін бір серпілтті.

Аманкелді АҚШАЛ.

ЕГІНДІ ауылы.