ЭНЕРГЕТИКТЕР ЕҢБЕГІ ЕЛЕНДІ
Ұлытау облысының барлық нысанын, тұрғын үйлердің жылумен, жарықпен қамтылуына күш салып жүрген азаматтар кәсіби мереке қарсаңында марапатты болды. Арнайы ұйымдастырылған жиында Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай ҮСЕНОВ сала мамандарын құттықтап, ҚР Мемлекеттік наградаларын табыс етті.
ҚР Мемлекет басшысының Жарлығымен ІІІ деңгейлі «Еңбек даңқы» орденімен жерлестеріміз Клим Полянский, Нұрғалым Берденов, Қуаныш Оралбаев наградталса, «Ерен еңбегі үшін» медалі Жұмәділдә Абюровқа табыс етілді. Сонымен қатар, салтанатты рәсім барысында бірқатар ұлытаулық Ұлытау облысының Құрмет грамоталарымен, Ұлытау облысы әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
«Энергетика – экономиканың тірегі, дамудың қозғаушы күші, күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігі. Сіздердің еңбектеріңіз – жарық пен жылу сыйлап, өндірістің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету арқылы қоғамға қызмет етудің нағыз үлгісі.
Қиын да жауапты салада атқарып жатқан еңбектеріңіз ерекше құрметке лайық. Әсіресе, ауа райының қолайсыздығына, тәуліктің кез келген мезгіліне қарамастан, халық игілігі үшін еңбек етіп жүргендеріңіз үшін ризашылығымыз шексіз» – деді Ұлытау облысы әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов өз құттықтауында.