Тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды
Ұлытау облысының орталығында «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Арнайы рәсімде облыс әкімі Дастан Рыспеков, облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, қоғам қайраткерлері мен Желтоқсан оқиғасының қатысушылары құрбандарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылып, боздақтардың рухына тағзым етумен жалғасты.
«Тәуелсіздік – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арманы мен күресінің жемісі, ұлттық рухымыздың биігі. Осыдан 33 жыл бұрын, 1991 жылы, халқымыздың үміті ақталып, Қазақстан өз тағдырын өзі шешуге мүмкіндік алды. Бұл тарихи таңдау – ұлттың ең ұлы жетістігі.
Ұлытау – ұлы бабаларымыздың рухани бесігі, қазақ мемлекеттілігінің бастау алған киелі мекені. Осындай қасиетті жерде біз Тәуелсіздігімізді ерекше қадірлеуге, оның әр сәтін бағалауға тиіспіз», – деді өңір басшысы Дастан Рыспеков өз сөзінде.
Іс-шара соңында жиналғандар «Тәуелсіздік» монументіне гүл шоқтарын қойып, естелік суретке түсті.