Жаңаарқалық кәсіпкер «Үздік сүт өнімі» номинациясының иегері атанды

Жаңаарқа ауданы, Бидайық ауылының тұрғыны Ғалия Отарбаева «Ауыл аманаты» ұлттық жобасының үздік қатысушысы атанып, «Үздік сүт өнімі» номинациясына ие болды.

Жерлесіміз марапатқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың және Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен Қызылорда облысында өткен жиында қол жеткізді.

Жиында «Ауыл аманаты» жобасының ауыл халқының өмір сапасын арттырудағы маңызы және оның болашақта қалай жалғасын табатыны жөнінде пікірлер айтылды.

Айта кетейік, Ғалия Отарбаева «Ұлытау» ӘКК арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша биыл мамыр айында 9 230 000 теңге жеңілдетілген несие алған. Қолдау қаражатына кәсіпкер 30 бас ірі қара мал және 10 тонна шөп азығын сатып алды. Бүгінде жерлесіміз сол уақытта сатып алған сиыр малының сүт өнімдерін өңдеумен және сатумен айналысады.