Қыс қаһары қайтпай тұр

Көктемнің алғашқы айы туғанмен, қаһарлы қыс соңғы «тұяқ серпісін» көрсетіп отыр. Ақпанның соңын ала соққан ақтүтек боран, наурыз айының екінші онкүндігі басталысымен таулы өңірге тағы оралды.

Наурыздың 11-жұлдызында ауа райы күрт бұзылып, «ат құлағы көрінбес» боран басталды. Аудандық төтенше жағдай бөлімі мен полиция бөліміне боранды күні қар құрсауында қалған жолаушылардан хабарлар түсті. Жезқазған-Арқалық бағытындағы күрежолдың көршілес Аманкелді ауданына қарасты бөлігінде орналасқан «Байсақал» қыстағының тұсында, ішінде 4 жолаушысы бар «КамАЗ» автокөлігі қарға батып, тұрып қалғаны жайлы хабар түсті. ТЖ және аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері, жол талғамайтын автокөліктерімен дереу көмекке ұмтылды. Жол азабын тартқан жолаушылар аудан орталығына жеткізілді. Сол күні «Көкбұлақ» қыстағының маңында қар құрсауында қалған 3 жеңіл автокөлік ішіндегі 10 адамымен, Ұлытау-Қаракеңгір бағытындағы қоқыс төгетін полигонның тұсында қарға батқан ішінде 5 адамы бар 2 жеңіл автокөлік құтқарылды. Жедел көрсетілген көмектің нәтижесінде жолаушылар дін аман.

Рахымжан ӘДЕНҰЛЫ