2026 жылдан бастап барлық мектептер үш тілде емес көп тілде білім беруді бастайды
Оқушылар 2026 жылдан бастап ағылшын тілінде ғана емес, басқа да шет тілдерінде білім алуы мүмкін. Дегенмен бұл талап білім беру мекемесінің әлеуетіне байланысты қойылады. Сонымен бірге мектептің таңдауы бойынша бір топ пәнді ағылшын тілінде оқытуға болады.
Өзгертілген білім стандартында кейбір пәндерді біріктіру, ал бірнеше пәнді кіріктіріп оқыту көзделген. Ал «Көркем еңбек» пәні қайтадан бұрынғыша «Бейнелеу өнері», «Еңбекке баулу» пәні болып екі бөлек оқытылады. Бағалау жүйесі де қайтарылды. Енді басқа сабақтар сияқты 1-10 балл арасында баға қойылады.
Құжаттағы тағы бір өзгеріс – мектеп бітіруші түлектер үшін міндетті пәндер қысқартылып, жоғары оқу орнына түсуге дайындалу үшін оқушының таңдауына қарай қосымша сабақтар қосылады.
Білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарындағы бұл өзгерістер 9 желтоқсанға дейін Ашық порталында талқыланады.