ҰЛАР ҮНІ Ұлытауда қайыра естілді

«Ұлар құс Ұлытаудағы…» Осылай деп ақын жырына қосқан қасиетті құстың киелі Көктөбеден «көшкеніне» қанша жыл десеңізші! Бүгінгі ұрпақ оны тек ақындардың өлеңдерінен оқып, әншілердің әндерінен ғана естіп жүрер ме еді, егер…

Жуырда әлеужеліде елді елең еткізген бейнеролик жарқ ете қалды. Кейіпкері – Ұлытаудың ұланы, жас шебер, ұлттық музыка жанашыры, көне музыкалық аспаптардың жоқтаушысы һәм оны жаңғыртушы Азамат Бақия. Ол Ұлытаудың символы – ұлардың үнін салатын сазсырнай жасап, оны Ұлытау шыңдарындағы аршаларға іліп қойды. Бір ғажабы, әлгі аспап желдің екпінімен ұлардың үнін шығарып тұрады. Осылайша, ұлар үні Ұлытауда қайыра естіле бастады.

Кіндігі Көктөбенің баурайында кесіліп, тауға қарап өскен ұланның үлкен бір арманы – ұлар құстың үнін Ұлытауға оралтсам деген ой еді. Онысына жетті. Қап тауын мекендейтін құстың үнін таспаға жазып алып, Ұлытаудың сазбалшығынан жасалған жаңа аспаптан шығатын дыбысты соған сәйкестендірген екен.

«Аспапты Ұлытаудың шыңдарына қойғаным, оның дауысы естілсе, ұлар құс Ұлытауына қайта оралар деген үмітім бар» дейді Азамат. Лайым, дегені болғай!

P.S. Жас шебер Азамат БАҚИЯ мен оның музыкалық аспаптары жайлы көлемді мақала газеттің алдағы санында жарияланады.

Өз тілшімізден.