Ержан ДӘУІТБАЕВ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы: «НАУРЫЗ ДУМАНЫ ЕЛДІ ДҮБІРГЕ БӨЛЕЙДІ»

Ұлыстың Ұлы күнін жаңаша форматта тойлауға Ұлытау ауданы да қызу әзірлік үстінде. Осы орайда арнайы жоспар түзіліп, тиісті мекемелер іске кірісті. Бұл жөнінде бізге аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ержан ДӘУІТБАЕВ әңгімелеп берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында Наурыз мейрамын тойлау тұжырымдамасын әзірлеп, көктем мерекесінің мазмұнын байытуды тапсырды. «Наурыз мейрамының негізгі мақсаты – Қазақстан жерінде бейбітшілік пен достықты нығайту, ұлттық бірегейлікті сақтау, отбасылық құндылықтарды дәріптеу, қоршаған ортаға ұқыпты қарауды қалыптастыру», – делінген құжатта.

Тұжырымдамаға сәйкес, мейрамның міндеттері ретінде жалпықазақстандық рухани құндылықтарды нығайтатын қазақ халқының салт-дәстүрлерін жаңғырту, ынтымақ-бірлікті арттыру; отбасы институтын күшейту; азаматтық бейбітшілікті сақтау, әлеуметтік әріптестікті және қайырымдылық жасау мәдениетін дамыту; этносаралық қатынастар мәдениетін дамыту, қоғамдағы достық пен сенімді нығайту; Қазақстан табиғатының бірегейлігін, табиғатқа ұқыпты қарауды ұғыну, экологиялық мәдениетті және елді мекендердің аумақтарын абаттандыруға қатысты қоғамдық бастамаларды дамыту талаптары қарастырылады.

Жалпы, Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтудің мәні жоғары. Ол – үйлесімнің, береке мен бірліктің мейрамы. Бұл – ұлттық бірегейлікті сақтау, прагматизмді қалыптастыру, сананың ашықтығын арттыру тұрғысынан маңызды мейрам. Сондықтан оның өз деңгейінде аталып өтуіне күш салуымыз қажет. Осы орайда арнайы жоспар құрдық. Онда тұжырымдамада көрсетілген барлық тақырыптар қамтылды.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Наурызды сахналық сипатта тойлау басымдық алды. Бұл жөнінде танымал этнограф ғалымдар да айтып келеді. Тіпті, Ұлыстың Ұлы күнін мерекелеу мәселесін қайта қарауды ұсынғандар да бар. Осыған байланысты Наурызды тойлаудың жаңа форматы әзірленді. Жаңа үлгідегі шаралар Ұлытау ауданында да ертең, яғни, жексенбі күні бастау алады. Бұл күні аудан орталығында және ауданның барлық ауылдық округтері мен кенттерінде «Көрісу күні» тақырыпқа сай аталып өтіледі. Ал, «Жайлау күнінде» аудандық ауыл шаруашылық бөлімі және ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілмекші.

Жалпы, әрбір атаулы күн өз тақырыбына сай танымдық және тағылымдық шараларға толы болады. Оған мектеп оқушылары да, ауылдар мен кенттер тұрғындары да тартылып отыр. Бұл күндері әр адам мүмкіндігіне қарай бір жақсы іс жасайды. Сан алуан қайырымдылық акциялары ұйымдастырылады. «Шымырлық пен шеберлік күні» ұлт спорты шараларына арналса, балалардың арасында зияткерлік ойындар ұйымдастырылады. «Жоралғы күні» салт-дәстүрлерді жаңғыртуға арналады. 21 наурызда ұлттық тағамдар әзірленсе, 22-сінде мазмұнды мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Осылайша, жаңаша сипаттағы Наурыз думаны елді дүбірге бөлейді, – деді Ержан Мақсұтұлы.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.