Бала тәрбиесі – жауапты іс
Отбасы тәрбиесі – жеке тұлғаның адамдық бейнесін, ұнамды мінез-құлқын қалыптастырып, өмірге бейімдеу мақсатында жүргізілетін процесс. Оны үнемі дамытып, жетілдіріп отыру қажет. Біздің халқымызда «Отан – отбасынан басталады» деген сөздер бар. Осы даналық сөздің аясына бәрін сыйғызуға болады. Себебі, отбасында ұлағатты тәрбие алған баланың болашағы – зор, арманы – асқақ, мақсаты – айқын болмақ. Ондай баладан келешекте отаншыл азамат шығады. Осындай деңгейге жеткізу үшін бала тәрбиесіне мұқият қарау керек. Өйткені, бала алғашқы өмір жолымен отбасында танысады, моральдық нормаларды игереді. Сондықтан баламен тіл табысу, мәмілеге келу, дау-жанжалды келісіммен шешу тәрбиенің негізі болып саналады.
Негізінде, бала мен атаана күнделікті жұмыс жүргізіп отырғаны жөн. Бала тәрбиесі маңызды жауапты іс. Бала өсіп-жетілген сайын отбасындағы етене жақын адамдармен тілдесу қажеттілігі өзгеріссіз қалса да, өзгемен әңгімелесу түрі өзгереді.
Осы тұста айтпағымыз, кейбір бала жастайынан өтірік айтуға машықтанып алуы мүмкін. Сонда ата-ана «балама жақсы әдеттерді үйреттім, ол жалған сөйлеуді әдетке айналдырған ба?» деп ойланып қалуы ықтимал. Баланы өтірік айтуға итермелейтін ең әуелі қорқыныш. Кейде жағымсыз әрекеттердің әсерінен де туындауы мүмкін. Баланың өтірік айтуына шамадан тыс тыйым салуда зиянын тигізеді. Егер ересектер баланың сөзіне құлақ аспай, қалағанына жол бермей тежей берсе, осындайдан бала қулыққа барады. Амалсыздан өтірік айтып өзінің жағымсыз әрекетін білдірмеуге тырысады. Мұндай жағдай ата-ана мен бала арасында байланыс болмағаннан туындайды. Егер балаңыз өтірік айтса оған ұрысып жекудің қажеті жоқ. Онымен байыпты әңгімелесуге тырысыңыз. Неғұрлым баланы өзіңізге жақын тартқаннан басқа амал жоқ. Балаға жылы шыраймен қарап, мейірімділік таныта бастаңыз. Әрдайым балаңызбен пікірлесіп, оның сенімді адамы болуыңызды ойлаңыз. Балаңызға берген уәдені орындауға ден қойыңыз. Егер, реті келмей, белгілі бір себептермен орындай алмаған жағдайда балаңызға түсіндіріп, кешірім сұраңыз. Балаға шындықты жасырмай, ашық айтқан дұрыс. Егер сіз балаңыздың мектептегі өткізген күнін білгіңіз келсе онда оның жан-дүниесіне жақын сөздерді айтыңыз. Ол үшін әуелі баламен сенімді қарым-қатынас орнатып, балаңыз жауап бере алатындай сұрақтар қойыңыз. Алдымен, баланың не жайында, не туралы білгісі келетінін біліп алғаныңыз артық болмас.
Негізінде балаға өзіне ұнайтын әңгімелерді айтқан дұрыс. Әңгімелесе отырып, балаңыздың ішкі сырын аша аласыз. Ал, балаға анда-санда көңіл бөлу, ол – жеткіліксіз. Баланың болашағы жарқын болуы үшін әрдайым көңіл бөліп отыру ата-ананың міндеті.
Өздеріңізге белгілі, қазақ халқы сонау ерте заманынан ұрпақ тәрбиесіне ұлт тағдыры, ұлт болашағы деп үлкен жауапкершілікпен қараған. Ата-бабаларымыз бала тәрбиесіне байланысты ғибратты сөздерді айтып отырған. Сондықтан отбасында әкенің де, ананың да бала үшін орны ерекше. Олай болса, әр уақытта бала тәрбиесіне көңіл аударып, ақыл-кеңес беріп отырғаны абзал.
Ләззат ЖАНҰЗАҚОВА,
№1 Ұлытау орта мектебінің медиаторы.