Толағай табыс – қуатты өңір

Ауыл шаруашылығы, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қызметкерлерінің күні құрметіне Ұлытау облысында форум өтті.

Жиынға агроөнеркәсіп және ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп келе жатқан өңірге қарасты қала-аудандардан 70-ке жуық фермер қатысты. Іс-шара барысында қатысушылар саладағы жетістіктер мен мәселелерді ортаға салып, пікір алмасты.

Атаулы мереке құрметіне ұйымдастырылған форумда Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өз құттықтауын жеткізіп, биылғы өнім көлемінің 2 есеге жоғары болуына ықпал еткен еңбек иелеріне өз алғысын білдірді.

«Биыл облысымыздың диқандары 25 мың тоннаға жуық астық жинады. Осы жылы қолдау шараларына облыстық бюджеттен субсидиялау мақсатында 4 миллиард теңге жуық қаражат бөлінді», – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Сондай-ақ жиын барысында бірқатар жерлесіміз «Құрмет» орденімен, Мемлекет Басшысының «Ерен еңбегі үшін» медальдарымен, «Ауылшаруашылығы саласының үздігі» төсбелгілерімен, ҚР Ауылшаруашылығы министрінің «Еңбек ардагері» медальдарымен, министрдің және облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен, «Ауыл» партиясы төрағасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Айта кетейік, форум барысында жиналғандар ауылшаруашылығы және агроөнеркәсіп саласының жергілікті өнімдерінен көрме тамашалады.