Миллион тұратын отаны МӘМС есебінен жасатты
«Сәтбаевта нан сатып алу үшін дүкенге шыққан әйелдің басына тұрғын үй ернеуінің сынығы құлады» деген жаңалық былтыр елді дүрліктірген еді. Араға жыл салып жарақат алған Светлана Головкомен тілдесудің сәті түсті.
Бүгінде отыз бес жасар келіншектің жағдайы жақсы. Ауыр жарақаттан айығу үшін біраз тер төгуге тура келіпті. Қиын да ұзақ емдеу жолында МӘМС жүйесінің игілігін көргенін жасырмаған Светлана Головко:
–Маған өте күрделі операция қажет болды. Оны Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығында жасайды. Құны 1 млн 200 мың теңге екен. Ақылы жасатсам уақыт жоғалтатыным белгілі. Өйткені, бұл соманы жинау қажет. Осылайша, мен өзімнің тіркелген емханадағы терапевтке жолықтым. Дереу мені операцияға дайындай бастады. 20-ға жуық анализ тапсырдым, тар буынды дәрігерлердің консультациясына барып, отаға рұқсат алдым. Тамыз айының ортасында Астанаға барып, отаны сәтті жасатып келдім. Операция, оған дайындық алдындағы анализдердің барлығын жолдама арқылы тегін болды. МӘМС жүйесінің барына мен ризамын. Дертімнің дауасын осы жүйе арқылы таптым, – деді.
Естеріңізге сала кетсек, МӘМС жүйесіндегі медициналық көмек барлық сақтандырылған азаматтарға олардың жарналарының мөлшеріне қарамастан, тегін көрсетіледі.
Диана ОРАЗАЛИНА.