Қарағанды облысының ауыл оқушылары «Мың бала» олимпиадасында жүлделі орындарға таласатын болады

24 наурызға дейін ауыл мектеп оқушылары арасындағы «Мың бала» ұлттық олимпиадасына қатысуға өтініштер қабылданады. Бесінші және алтыншы сынып оқушылары өз білімдерін тексере алады. Басты шарт — олар соңғы екі жылда Қазақстанның ауыл мектептерінде оқуы керек.

Олимпиаданың жеңімпаздары еліміздің жетекші дарынды балаларға арналған мектептерінде: «Білім-инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға мүмкіндік алады. Олимпиаданың бес мың финалисі Елбасы Академиясының Birge oqý онлайн мектебінде тегін оқи алады.

Олимпиада дарынды жастарды анықтау және қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің El Úmitі бастамасы аясында өткізіледі. Олимпиаданың ұйымдастырушылары — Елбасы Академиясы және ҚР Білім және ғылым министрлігі.

— Әр түрлі олимпиадаларды өткізу тәжірибесі ауыл мектеп оқушыларының оған аз қатысқандығын көрсетеді. Статистикаға сүйенсек, мұндай балалардың шамамен 13-14% -ы облыстық және республикалық олимпиадаларға қатысады, бұл олардың дайындық деңгейімен және олимпиадалар өтетін жерлерден шалғайлығымен байланысты. Осыған орай, Нұрсұлтан Назарбаев қоры тек ауыл мектеп оқушыларын қамтитын «Мың бала» ұлттық олимпиадасын өткізіп жатыр, — дейді «Елбасы Академиясы» корпоративтік қорының басқарушы директоры Әнуар Жанғозин,

«Мың бала» олимпиадасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші турға логикалық және кең ауқымда ойлауды бағалау кіреді. Тестілеу онлайн форматында өткізіледі. Өңірлер бойынша ең жоғары қорытынды балл жинаған бес мың оқушы келесі кезеңге өтеді.

Екінші кезеңде қатысушылар компьютерлік тестілеуден өтіп, олардың  математикалық сауаттылығы, қазақ тілінде білім алатын оқушылар үшін қазақ тілі, орыс тілінде білім алатындар үшін орыс тілі бойынша, және де ағылшын тілі және жаратылыстану ғылымдары бойынша академиялық білімдері бағаланады. Білімді бағалау аймақтық тестілеу орталықтарының базасында жүзеге асырылады.

Қатысу үшін 1000bala.elbasyacademy.kz сайтына тіркелуге болады.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылғы олимпиаданың қорытындысы бойынша Қарағанды ​​облысының ауылдарынан 41 оқушы 1000 финалисттер қатарына қосылды. Олардың барлығы арнайы мектептерде оқуға мүмкіндік алды. Тағы 83 оқушы Birge oqý онлайн мектебінде білім алады.