«Ұлт алдында қадірі – ел есінде, Ұлытау – 85 жас белесінде»

Осындай тақырыппен аудандық орталық кітапханада дөңгелек үстел өтті. Дөңгелек үстелге Қазақстанның Құрметті журналисі Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ, ауданның Құрметті азаматы Шаяхмет ҮМБЕТОВ, еңбек ардагері Əлімбек ЖАНДАРБЕКОВ, ауыл қызметкерлері мен ауылшаруашылығы салалық кəсіподағы қоғамдық бірлестігінің Ұлытау облысы бойынша филиалы төрағасы Мақсұт ОСПАНОВ, ардагер ұстаздар Шарипа САҒАДИЕВА, Жұмакүл ƏЛІПБЕКОВА, “AMANAT” партиясының Ұлытау аудандық филиалының атқарушы хатшысы Думан ЖҰМАНОВ жəне аудандық архив қызметкерлері мен ауыл жастары қатысты.

Алқалы жиында ауданның өткен тарихы жайлы сөз қозғалып, келешегі туралы əдемі əңгіме өрбіді. Аға ұрпақ өкілдері жас буынға 85 жылдық тарихы бар ауданымыздың даму жолы мен өркендеу өрісі туралы құнды естеліктер айтты. Ауданымызда еңбек еткен көптеген азаматтардың есімдері зор мақтанышпен аталып, жас ұрпаққа үлгі болар еңбектерін паш етті.

Шара барысында архив қызметкері Қарлығаш Ізтілеуова мұрағатта сақталған аудан тарихынан сыр шертетін құнды, қазыналы құжаттарды, кітапханашы Айдана Төребай Ұлытау ауданының 85 жылдығына арнайы құрылған кітап көрмесін жұртшылыққа таныстырды.

Ауданға келген жас маман Дильназ Серікқызы жас мамандардың атынан сөз сөйлеп, тағылымды тарихы бар ауданның келешегі үшін аянбай еңбек ету жастардың міндеті екенін атап өтті. Қонақтардың дөңгелек үстел басындағы əдемі, əсерлі əңгімесі Мəдениет үйі қызметкерлерінің əн шашуына ұласты.

Альмира ОСПАН.