47 орындық автобус жолға шықты
Ұлытау ауданында «ЮТОНГ» маркалы 47 орындық автобус жолға шықты. Бұған дейін 20-25 орындық «Мерседес бенц спринтер» күніне төрт рет «Ұлытау- -Жезқазған», «Жезқазған-Ұлытау» бағытында ауданаралық жолаушыларды тасымалдайтын. Осы қоғамдық көліктер «Ақжол» жеке кәсіпкерлігінің иелігінде. Иесі – Болатбек ЕЛЕУОВ. Жоғарғыда аталған бағыт бойынша 2022 жылдан бері жолаушыларды тасымалдап келе жатыр.
Қазіргі жолаушыларды тасымалдауға шыққан «ЮТОНГ» автобусы ол да Болатбек Елеуовтің қарамағында. Бұл автобустың апта соңына қарай жүруі басқа күндерге қарағанда, демалыс күндері жол жүретін жолаушылар көп болады екен. Солай болғандықтан, 47 орындық автобусты шығарып отыр. Ал, бұрынғы «Мерседес бенц спринтер» жолаушыларды тасымалдауға сыйымдылығы аз болғандықтан, бұл шағын көліктер дүйсенбі, сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері ғана қатынайды. «ЮТОНГ» автобусы жұма, сенбі, жексенбі күндері жүреді. Жүру кестесі әдеттегідей. Жолақысы да қолжетімді. Балаларға 250 теңге, үлкендерге 500 теңге.
Тағы бір айта кетерлігі, әлеуметтік отбасы санатына жататын адамдарға әр аптаның жұма күндері автобус да тегін жүру қарастырылған. Бұл да болса жеке кәсіпкер тарапынан жасалып отырған көмек. Мұның барлығын көріпбіліп отырған әлеумет Болатбек Елеуовке дән риза.
«Мен еңбек ардагерімін. Зайыбым да зейнеткер. Зейнетақымен күн көріп отырған жандармыз. Таксимен қалаға барғың келеді, бірақ барып-қайтуың 5 мың теңге. Оны қалта көтермейді. Ал, автобуспен 1000 теңгемен барып қайтамыз. Біз сияқты зейнеткерлерге, студенттерге өте тиімді. Автобус талапқа сай жабдықталған. Жолаушыларға қолайлы. Қыс мезгілінде де іші жылы. Әрі күн сайын тоқтаусыз жүріп тұр. Жеке кәсіпкер Болатбек Елеуовке ризамыз, алғыстан басқа айтарымыз жоқ» – дейді Ұлытау ауданының тұрғыны Қали Байболов.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.