ҚАЗАҚ пен ҚАЗАНАТ

Тарихын тұлпарлардың тұяғымен жазған көшпенділер үшін рухтың қайнар көзі – жылқыда. Атқа мінген қазақтың таққа мінгендей айбарланып, желкесіне «жал бітіп» шыға келетіні түпсанамыздағы осы жылқы архетипінің жаңғыруынан болса керек. «Өзінен туған жас бала сақалы шығып жат болғанша, ат үстінде күн көрген» (Махамбет) баһадүр бабаларымыз тақымындағы тұлпарын сенімді серігіне, қос қанатына балап, қасиетіне бас иген. Төрт түліктің төресі деп төбесіне тұтқан.

Кезінде казак-орыс атаманы Н.Рябушкин «Қазақ атқа мінсе айбарланып кетеді. Атымен қашса – құтылады, қуса – жетеді. Атынан түсіп, жаяу жүрген қазақты көріңіз, бұдан асқан момын, бұдан өткен бағынышты халық жоқ. Сондықтан да бұл халықты атсыз, жаяу қалдыру керек» деп, астыртын тапсырма берген екен. Міне, отарлаушы елдің осындай сайқал саясаты салдарынан үйір-үйір жылқысынан, ауыздықпен құс тістеген астындағы арғымағынан айрылған қазаққа қой торы мініп, қой соңында тепеңдеуге тура келді. Сөйтіп, «жылқы мінезді» текті халықты «қойдан жуас» момын елге айналдыру саясаты жүрді…

Иә, қазақ аттан ауғанда басынан бағы қоса ауды. Қазақ аттан түскен кезде еңсесі еңкіш тартты. Қазақ жаяу қалғанда табанын тас тілді, жанарын жас жуды. Рухы жасып, ата жауын жасқаған айбарынан айырылды. Себебі, жылқыға алғаш жүген тағып, онымен біте қайнасып, біртұтас ұғымға айналып кеткен ұлт үшін бұдан өткен қасірет жоқ еді.

Бүгінде азаттықтың ақ таңы атып, өз заңымыз үстемдік құрды. Десекте, ұлттың ұпайы түгенделер ұлы құндылықтарымызға келгенде әлі де енжар екеніміз жасырын емес. Осыдан біршама жыл бұрын белгілі кинорежиссер Талғат Теменовпен кездесудің сәті түсті. Сол жиында Талғат ағамыз: «Көшпенділер» фильміне шамамен мың бас жылқы (атты әскер, қазақтың сән-салтанатын көрсету үшін) керек екен, барлығын тауып, жалға алдық. Бір таңқаларлығы – осы жылқыларға қажетті ер-тұрманды, ат әбзелдерін жер-көктен таппай шарқ ұрып жүрміз» деген еді. Бұл – атқа мінуге атүсті қараған қазіргі қоғамның айқын көрінісіндей көрініп еді сонда. Тіпті, бүгінгі қазақтың қарадомалақтары қазмойын қазанатқа да қызықпайтындай әсер қалдырады, кейде. Оған күйбең тірліктен қолымыз қалт босап, алып-ұшып ауылға барғанда көз жеткіземіз. Бүгінгінің баласы белдеуде байлаулы бестісі тұрса да малын мотоциклмен бағып, күлігін көлікпен қайырғанды ыңғайлы көреді. Ал, атқа мінудің пайдалы екенін дәлелдеуден ғалымдар, әсте,жалыққан емес.

– Аттың бірқалыпты жай жүрісінің өзінде барлық буын қозғалысқа түседі. Сол себепті, атқа міну – адамға биохимиялық тұрғыда оң ықпал етіп, ағзаны нығайта түседі. Жылқы бұлшық еттерінің қозғалысы – массаж жасауға қабілетті көптеген элементтерден тұрады және ағзаның одан әрі күшеюіне алып келеді. Өйткені, жылқы температурасы адамның дене қызуынан біржарым градусқа жоғары. Атқа отырған сәттен бастап тақымға берілетін жылу қан айналымының жылдамдығын арттырып, бойдағы тараған қан саусақтың ұшына дейін айналып шығады. Атқа міну, әсіресе, жұлынға зақым келгенде, миға қан құйылғанда, жабық бас сүйек-ми жарақатын алғанда, мінез-құлық өзгеріске ұшырағанда, көңілкүй төмендегенде, ұмытшақтық пайда болғанда, адамның жүйке жүйесіне қатысты ауруларды емдеуге қолданылады. Тіпті, есту қабілеті мен көздің көруі нашарлағанда да өз пайдасын тигізеді, – дейді мамандар. Ғұмыры аттың үстінде өткен аталарымыздың тоқсанында да топқа түскендігінің сыры осында емес деп ешкім айта алмас, сірә?!..

 

«Жасымнан жылқы десе менің жаным,

 Атырдым жылқы ішінде өмір таңын.

Жапанда жел жылқының үстінде өскем,

Мекен деп өміріме аттың жалын.

Мал сырлас, аттың сыры маған мәлім,

Жырым – жылқы, жүйрік ат – салған әнім.

Аспан асты, жер жүзі, кең сахарам,

Күн көріп атам қазақ келген мәлім.

Қазақтың жылқы аңсатқан, жарлы, байын,

Жарлыны жалғыз атсыз алды уайым.

Сүйген жар, сенген достан жақын жылқы,

Білген жан бекер демес аттың жайын».

 

Ұлтымыздың ұлы ақыны, жыр жүйрігі атанған Ілияс Жансүгіровтен қалған осы бір үкілі үзіндіден, классик жазушы Асқар Сүлейменовтің «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, мен жылқыдан жаралғанмын» деген қанатты сөзінен қазақ пен қазанаттың сан ғасырлық біте қайнасқан болмысын аңғару қиын емес.

Баяғыда Бөкен би «Көңілім өсіп, желденіп кетеді. Асып-тасып, жұртымды ұмытып кетемін» деп атқа мінбейді екен. Жылқы жарықтықтың санаңның бір түкпірінде қалғып жатқан жауынгерлік рухыңды оятып, арқаңды қоздырар қасиетін меңзегені болса керек.

Күлік мініп, күн түбіне жортқан бабаларымыздың бүгінде көлік мініп, кісіге кеңірдегінен қарайтын ұрпақтарынан анағұрлым рухты, қайратты болғандығы – тақымынан тұлпар кетпегендігінде екеніне ешқандай шүбәңіз болмасын.

Аттан түспейік, ағайын!

Ілияс МҰҚАЙ.

(«Ortalyq Qazaqstan» газетінен).