Өз ісіне тиянақты жан
«Еңбек еткеннің еңсесі биік» демекші, еңбегімен құрметке бөленген жанның бірі – Гүлзар АМАНҚҰЛОВА. Ол Ұлытау ауданындағы тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінде еден жуушы. Мекеме тазалығына жауап беретін нәзік жан.
Гүлзар – Сарлық ауылының қызы. Өмірлік жарын Ұлытаудан тапқан. Бұл күнде екі қыз өсіріп отырған ардақты ана. Өз жұмысына ұқыпты қарайтын тиянақты жан. Жауапкершілік, еңбекқорлық сияқты қасиеттерімен еңбек ұжымына үлгі. Гүлзарға жүктелер міндет жетерлік . Стол-терезені сүрту, еден тазалығын сақтау – оның міндеті. Бір жақсы қасиеті, өз ісіне өте жауапты келіншек. Есік, терезені жалтыратып, еденді айнадай қып таза жуып жатқаны. Сонысымен, ұжым алдында қадірлі. Мінезі де жайдарлы, ашық. Қашан көрсең де үнемі жымиып жүретін ақкөңіл жан. Бір ашуланып, дөрекі сөйлегенін көрген емеспіз. Нағыз еңбек адамы. Заты нәзік болса да ауыр жұмысқа төзімділігі көңіл сүйсінтеді.
–Жұмыстың жеңілі жоқ. Еден жуушы болу да оңай жұмыс емес. Әсіресе, жауын-шашында коридор көп ластанады. Бұл ғимаратта бес мекеме болғандықтан адам саны өте көп. Оның үстіне әртүрлі шаруалармен сырттан келетін келушілердің қатары мол. Ұзақ күн бойы толассыз келіп-кетіп жатады. Оның бәріне түсіністікпен қарауға тура келеді. Жұмысым ғимарат ішін таза ұстау болғандықтан, өз ісімді жауапкершілікпен атқаруға тырысамын, – дейді Гүлзар Далабайқызы.
Қайрат ЖҰМАБАЙ.