Жол жөндеу басталды
Жұртшылықты толғандырып жүрген жолдардың біразы жаңғыртылып жатыр. Соның бірі Сарлық ауылына кіреберіс жолдың 10 шақырымы еді. Бүгінде мұнда жол жөндеу жұмыстары басталды.
Аманкелді ауылдық округіне баратын жолдың жиырма шақырымынан астамы осыдан бірер жыл бұрын жаңғыртылған еді. Оған «Хан шатыр» тарихи кешініне туристер тарту мақсатында қолға алынған бағдарлама септігін тигізген болатын. Тарихи кешеннен Сарлық ауылына дейінгі 10 шақырым жөндеусіз қалып, жұртшылық осыны қолға алуды аудан басшысынан сұраған болатын. Бүгінде бұл түйткілді мәселенің түйіні шешілді. Қазір Сарлық ауылына кіреберіс аудандық жолының 20,25-30 шақырымына орташа жөндеу жұмыстары басталып, жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарына облыстық бюджет есебінен 640 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 5 млн. теңге бөлінді. Жол жөндеу жұмыстарына «Самға» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен 1 эксковатор, 1 жүктиегіш, 1 каток, 1 автогрейдер, 2 «Шансиман» жүк техникалары тартылған. Жұмыс қарқынды жүруде.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.