Мәдениет ошағы жаңғыртылды

Сарысу ауылындағы клубқа көптен бері күрделі жөндеу жүргізу жайы жергілікті тұрғындарды кәдімгідей алаңдатушы еді. Сәтін салып, былтырғы жылы аталған мәдениет ошағын жөндеуге аудандық бюджет есебінен 61 млн. теңге қаражат бөлініп, талапқа сай жұмыстар жүзеге асырылды.

Клуб ғимаратының сырты қапталып, шатыры ауыстырылды, едені жаңартылып, есік-терезелері жаңадан салынды. Көрермен залы да күрделі жөндеуден өткізіліп, орындықтары жаңартылды. Жаңа кейіпке енген нысан енді халық игілігіне пайдалануға берілмекші.

Былтыр оның тозығы жеткен жылу қазандығы да күрделі жөндеуден өткізілген еді. Бұл мақсатқа аудандық бюджеттен 18 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар сәтті аяқталған.

Клубта13 маман, 2 от шағушы, 1 кітапханашы жұмыс атқарады. 150 орынға арналған көрермен залы бар. Қазіргі талапқа сай, жоспарлы іс-шаралар онлайн түрінде өткізілуде.

– Ауыл тұрғындары бұл жөндеу жұмысын көптен бері асыға күткен еді. Өткен жыл клуб ұжымы үшін мерейлі жыл болды. Алдымен жылу беретін қазандық жөндеуден өткізілді. Ескінің аты – ескі ғой, қанша отын шығындалса да, ғимарат жылына қоймайтын. Жаңа қазандық салынғалы көмір де бұрынғы көлемнен аз жұмсалуда. Ең бастысы, ғимараттың іші жылынды. Клубқа жасалған күрделі жөндеу жұмыстары өте сапалы атқарылды. Бұл, әрине, қуанышты жайт. Қазіргі шектеу шаралары аяқталса, жоспарлы жұмыстарды алаңсыз өткізіп, халыққа мәдени қызмет көрсетуге толық дайынбыз.

Реті келіп тұрғанда, аудан басшыларына ауыл тұрғындары мен клуб ұжымының атынан шынайы алғысымды білдіргім келеді, – дейді мәдениет ошағының меңгерушісі Нұрболат Ниасханұлы.

Жасұлан АЯШЕВ

САРЫСУ ауылы.