Жоба қалай жүзеге асуда?
Облыс əкімі Берік ƏБДІҒАЛИҰЛЫНЫҢ төрағалығымен өткен кеңесте «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар сараланды. Сала мамандары аталмыш бағдарламаның барысы жайлы сөз қозғады. Қадау-қадау тапсырмалар жүктелді.
Соңғы жылдары қай ауылда болмасын экономиканың негiзгi көрсеткiшi бойынша оң динамика байқалады. Ауылда өмiр сүру деңгейiн одан əрi артты-ру үшiн министрлiк «Ауыл – ел бесiгi» жобасын iске асыру бойынша жоспарлы жұмыстар жүргiзуде. Жобаның мақсаты – инфрақұрылымды жаңғырту есебiнен жəне оны жаңа өңiрлiк стандарттар параметрiне дейiн жеткiзе отырып, ауыл тұрғындарының өмiр сүру сапасын жақсарту.
Осы ілкімді жоба біздің өңірде қалай жүзеге асырылуда? Өңір басшысының төрағалығымен өткен жиында осы мəселе жан-жақты талқыланды. Жиында есеп берген сала мамандарының сөзіне қарағанда «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында Ұлытау ауданында биыл 6, Жаңаарқа кентінде 5 ауылішілік автомобиль жолдарын жөндеу жобасы жүзеге асырылып жатыр екен. Облыс əкімі Берік Əбдіғалиұлы жол жөндеу жұмыстарынан бөлек, аталған бағдарлама бойынша салынып жатқан құрылыс нысандарының қарқынын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.
Атап айтар болсақ, осы жоба аясында биыл Ұлытау ауданында 20 орындық аурухана жəне 10 тұрғын үйге инженерлік коммуникациялық инфрақұрылым жүргізу, Жаңаарқа ауданындағы денешынықтыру жəне сауықтыру кешенінің құрылысы, сонымен қатар кенттің өзінде жəне Ералиев ауылындағы электр желілерін салу жобасы (бір бөлігі) аяқталуы тиіс.
– Қос аудандағы əкімдіктермен бірлесіп, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша келесі жылы қолға алынатын жобаларды пысықтауды тапсырамын. Оның ішінде жолдарға, əлеуметтік нысандарды толық күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарына басымдық берілсін, – деді өңір басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ облыс əкімі аудан əкімдеріне өңірдегі елді мекендерді дамыту бағдарламасын келер аптада көрсетуді, (осыған дейін айтылған тапсырмасы бойынша) кейін бекітілген құжатты жеке-жеке қорғау міндетін жүктеді.
Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.